Ақтөбеде сұйытылған газ тапшылығы сезілуде. Бекет қожайындары егер жағдай түзелмесе, алдағы бір ай шамасында жағдай тіпті қиындайтындығын айтады. Олар сұйық отынның әр бекетке бірдей көлемде бөлінбей отырғанына наразы. Яғни әкімдікті ашық бәсекелестікке жол бермей, белгілі бір кәсіпкерлерді ғана жарылқап отыр деп айыптайды.
Кәсіпкерлер шағымы бекерден бекер емес. Соңғы кездері олар сатуға газ таппай отырғандарын айтады. Өйткені әлеуметтік сұйық отын алдымен ірі желілік газ ұйымдарына беріледі. Ал олар өздеріне тиесілі бекеттерді қамтып алып, қалған бөлігін биржалық газ ретінде қымбатқа сатады деп отыр кішігірім газ құю бекеттерінің иелері.
Бұған дейін Газ құю бекеттерінің жұмысын Газ тасымалдаушылар қауымдастығы реттейтін. Алайда, қараша айында прокурорлық тексеріс жүріп, бұл міндет әкімдік қарауына берілді. Бірақ, жағдай жақсарған жоқ. Мамандар тек осы айдың өзінде өңірде мың тоннаға дейін әлеуметтік газ тапшылығы болатынын айтады.
Қазір Ақтөбеде газбен жүретін 48 мың көлік бар. Бұл тек ресми тіркелгені ғана. Газ құю бекеттерінің иелері егер мәселе көктемге дейін шешілмесе, жағдай тіпті ушығуы мүмкін деп алаңдайды.
Жақсыбек КЕМАЛ