Қытай тауарларының бағасын негізсіз өсіргендерге айыппұл салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қытай тауарларының бағасын негізсіз өсіргендерге айыппұл салынады

04.02.2020

Қазақ-Қытай шекарасының жабылғанын желеу етіп, бағаны әдейі өсірген! Бүгін Үкіметте Сауда және интеграция министрі короновирусқа байланысты кейбір сатушылар Қытайдан келетін азық-түлік пен өзге де тауар құнын әдейі шарықтатып жатқанын жеткізді.

Сауда және интеграция министрі мұны ұрымтал сәтті ұтымды пайдаланған кәсіпкерлердің айласы дейді. Өйткені шекара тек жолаушылар үшін ғана жабық. Ал тауар тиеген жүк көліктері екі ортадан емін-еркін өтіп жатыр.

Яғни байбалам салып, бас пайдасын ойлағандар жаппай айыппұл арқалайды. Өйткені тауар құны онсыз да шарықтап жатқанда бұл жығылғанға жұдырық болып отыр. Тіпті әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің өзі өткен жылы 10,4 процентке өсіп кеткен. Әсіресе қант, ірімшік, жұмыртқа, қарақұмық пен күн бағыс майының бағасы көтерілген. Бұған тапшылық пен әкімдердің шалағайлығы себеп екенін айтады Сұлтанов.

Биылдың өзінде жұрт көп тұтынатын тауар бағасы 0,3 процентке өскен. Бірақ әкімдіктер тауардың тағыда қымбаттағанын күтіп отырғандай үнсіз. Сондықтан Үкімет басшысы жұмысына жүрдім-бардым қараған қол астындағыларға ескерту жасады.

Досжан МАРАТҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу