Нұр-Сұлтан-Екатеринбург тас жолы әлі ашылған жоқ. Отандық және шетелдік ауыр жүк көліктері қаланың шетінде қаз-қатар қаңтарылып тұр. Жүргізушілер бүгін бесінші күн кабинада түнеуге мәжбүр. Күні кеше ғана тілшілерімізге сұхбат берген «ҚазАвтоЖол» компаниясының жауапты өкілдері «жол ертең толықтай аршылады» - деп уәде берген еді. Бірақ ахуал әлі сол қалпы. Бүгін түсірілім тобы қар басқан участікке тағы да барды. Екі техниканың бірінен ақаулық табылса, екіншісі тоқтап тұр. Екі күнде небары 200 метр ғана тазартылған. Таяқ тастам жерді қардан тазалауға не кедергі? Қандай мәселелер туындап жатыр? Күтпеген жерден келген «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы Ақмола облыстық филиалының басшысы тілшіміздің сауалына жауап бермек түгілі, қайырылмастан тұра қашты. Мыңдаған халық телміріп отырған тас жолдың нақты қашан қардан тазартылып, ашылатыны беймәлім. Бұл мәселе бойынша Ақмола облысының әкімдігі де түсініктеме беруге асығар емес.
Ербол МӘНДІБЕК