Соңғы 5 жылда елімізде 13 мыңнан астам адам жоғалған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Соңғы 5 жылда елімізде 13 мыңнан астам адам жоғалған

28.01.2020

Бір Елорданың өзінен волонтерлар 60 адамды іздеп жүр. Ал соңғы бес жылда еліміз бойынша 13 мыңнан астам адам жоғалып кетті. Олардың ішінде 92 кәмелетке толмаған бала бар. Әлі табылмады. Жалпы жеткіншектер жиі адасады. Былтырдың өзінде 438-іне іздеу жарияланып, 19 баладан басқасының бәрі табылған.   

Ал еліміздің заңына сай жоғалған адам 10 жылда табылмаса іздеу тоқтатылады. Жаңагүлдің басында қазір сондай жағдай. Ол анасынан 1996 жылы көз жазып қалған. Назгүл Томанова күйеуінің қорлығына шыдамай үйінен кетіп қалған. Содан бері 24 жыл өтті. Ал із суытпай іздеуге ұл-қыздары дәрменсіз еді. Өйткені әкесі ата-аналық құқынан айырылған соң, олар балалар үйінде өсті.

Волонтерлар жер-жерге жоғалғандар туралы мәлімет жапсырады. Оған адамдар көбірек көңіл бөлсе деген тілектері бар. Коммуналдық қызметкерлерге де ісіне кедергі келтірмеуін сұрайды.

Бұл мыңдаған оқиғаның бірі ғана. Жақындарынан көз жазып қалу себебі сан қилы. Мамандар бүгінгідей боранды күні де адамдар жиі адасатынын айтады. Абайламаса арты қайғылы жағдаймен аяқталуы бек мүмкін. Сондықтан артық қимыл жасамай сақ жүру керек.

Нысаналы ЫҒЫЛ


Хабарламаларға жазылу