СҚО тумасы Астанаға келіп, нәпақа табамын деп мүгедек болып қалды. 41 жастағы ер адам қазір төсек тартып, ауруханада жатыр. Жұбайының айтуынша, ол енді жұмысқа жарамайды. Ол асыраушысының осындай халге түсуіне елордадағы бетон шығаратын зауыттың басшыларын кінәлап отыр. Бұл жағдайға қатысты жауапты органдар не дейді?
Оқиға 2023 жылдың 20 сәуір күні түнгі сағат 00:00-да болған. Мамандығы оператор Медет Тоқин істен шыққан бетон құятын машинаны жөндемек болып, төбеге шыққан сәтте төмен құлап кетеді.
Жанель Тоқина, Медет Тоқинның жұбайы:
Үш күн комада жатып, одан кейін менің күтуіммен екі апта ауруханада жатып шықтық. Қазіргі жолдасымның жағдайы онша емес. Себебі басынан зақым алған, жарты бас сүйегін алып тастадық. Екінші топтағы мүгедек. 75 пайыз жұмысқа жарамсыз болып қалды.
Шамамен екі метр биіктіктен құлаған Медет Тоқин жабық бас сүйегі жарақатын алған. Қазір елордадағы көпбейінді ауруханада ауыр отатан кейін ем-дом қабылдап жатыр. Сол күні Медеттің жанында болған әріптестерінің сөзінше, зауыт басшылары жұмысшыларды түнде жұмыс істеуге мәжбүрлеген.
Ержан Шәмші, жұмысшы:
Мен айттым бұлай болмайды деп. Жұмыс ауыр. Жеңіл болса бұл жерде 3 ауысыммен істемес еді деп. Содан олар участке бастығы Александрға айтып еді. Александар егер істемейтін болсаңдар есік ашық кетіңдер деді. Сондықтан амалсыздан жұмыс істеді олар.
Жұбайы Жанель Тоқинаның сөзінше, зауыт басшылары тиісті өтемақаны төлемей отыр. Тек ем-домына көмектескен. Жағдайға қатысты Астана қаласының еңбек инпекциясы тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізіп, оқыс жағдайға 60 пайыз жұмыс беруші, 40 пайыз жұмысшы кінәлі деген шешім шығар.
Абай Еркінов, Астана қаласы еңбек инспекциясының инспекторы:
Еңбек кодексінің 122-бабында көрсетілген, егер жұмыскер сақтандырылмаған болса жұмыс беруші жұмыскер соңына дейін емделіп шыққанынша ақысын төлеп отырады. Ол жұмыс берушінің міндеті.
Зардап шегуші бетон дайындайтын зауытта келісімшартсыз жұмыс істеп келген. Соның салдарынан қылмыстық іс құрамы толық болмай ПД қолға алған тергеу шаралары тоқтап қалған еді. Дегенмен Алматы аудандық прокуратурасының араласуымен іс қайта қаралатын болды.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Оқыс оқиға мына зауытта орын алған. Біз ішке кіруге рұқсат ала алмадық. Сондай-ақ зауыт басшылары жағдайға қатысты қандай да бір пікір білдіруден бас тартты.
Осындан кейін елімізде қарапайым жұмысшылардың құқығы қаншалықты қорғалған деген сұрақ туындайды. Жалпы статистикаға көз жүгіртсек соңғы үш жылда кәсіпорындарда 4 мыңнан астам адам өндірістік жарақат алып, 594 адам қаза тапқан. Астананың өзінде былтыр 60 жұмысшы жұмыс орнында өндірістік жарақат алған. 15 адам көз жұмды. Енді бұл кері көрсеткіш қысқаруы мүмкін. Өйткені еңбек кодексіне бірқатар өзгерістер енгізілді.
Марғұлан Шыныбаев, заңгер:
Бұрын 5-6 жұмыс күні болса, қазір 4 жұмыс күніне қысқарды. Қазіргі таңда бәріміз білеміз бір ауысымды бітіріп, екіншісіне шығып кету деген бар. Оған тыйым салынды. Бұл кезде жұмыс беруші жауапқа тартылатын болды. Қазіргі енгізілген өзгерістер біраз еңбек дауларының басын ашатын болады.
Күйеуі мүгедек болып қалған Жанель Тоқина тергеуді әрі қарай әділ жүргізілетініне үмітті, әрі мүгедек болып қалған жолдасына төленетін өтемақыны толығымен өндіріп алуға ниетті.
Нұрсұлтан Тілектес