Конституциялық кеңестің отырысында тұрғын үй мәселесі қаралды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Конституциялық кеңестің отырысында тұрғын үй мәселесі қаралды

21.01.2020

«Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 107-бабы 8 тармақшасы конституцияға сай емес. Алматы қаласының аудандық соты аталған норманы Конституциялық кеңестің талқылауына ұсынды. Бүгін Елбасының қатысуымен кеңестің отырысы өтті.

Бүгінгі кеңес отырысында қаралатын тақырып өзекті. Тұрғын үй мәселесі. Нақтырақ айтсақ, Алматы қаласының Алатау аудандық соты Конституциялық кеңес қарауына «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 107-бабы 8 тармақшасын конституциялық емес деп тануды ұсынған. Отырысқа Нұрсұлтан Назарбаев арнайы келді. Өйткені Елбасы кеңестің өмір бойғы мүшесі.

Жоғарғы сот төрағасы сот азаматтардың тұрғын үй құқықтарын қамтамасыз ету мәселесін қараған, бірақ норманың кейбір тұстары түсініксіз екенін айтады. Мысалы, тұрғын үйді жалға алушы мен оның отбасы мүшелері немесе онымен бірге тұратын өзге де адамдардың біреуі еліміздің кез келген жерінен баспана алатын болса, онда олардың барлығы жалдамалы тұрғын үйден шығыралады. Бірақ кей жағдайларда бұл талап азаматтардың құқығын шектейді.

Өйткені аталған норманың талаптарын әркім әрқалай түсініп жүр. Салдарынан әр өңірде әр түрлі қолданылып келеді.

Тұрғын үй мәселесі — мемлекеттік әлеуметтік саясаттың ең маңызды бағыттарының бірі. Елбасы әдеттегідей, алдымен азаматтардың құқығы бұзылмау керектігін айтты.

Отырысқа қатысушылардың пікірлері мен жауаптарынан кейін Конституциялық Кеңес нормативтік қаулы қабылдады.

Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу