Талдықорғанда жетісулық жастар волонтерлер жылын салтанатты түрде бастап кетті. Шараға Парламент қос палатасының депутаттары, өңір басшылары, елімізге танымал спорт және өнер саласының өкілдері мен белсенді жастар қатысты. Алматы облысындағы жастар саны 500 мыңға жуық. Қазір нақты волонтерлық қызметпен мыңнан астам адам 19 ұйым аясында айналысады. Алдағы уақытта олардың саны еселене түспек. Жиналған жұрт алдында сөз алған өңір жастары волонтер болу әр тұрғынның қолынан келетінін айтып, қайырымды, мейірімді болуға шақырды. Жетісулық жастар өз еркімен атқарған ісіне ақы дәметпей, жанындағы адамға қол ұшын созып, Президент бастамасына бір кісідей атсалысуға сенім білдірді.
Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ