Бейбітшілік ауданындағы балалар мектепке дейін 2 жарым шақырым жаяу жүреді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бейбітшілік ауданындағы балалар мектепке дейін 2 жарым шақырым жаяу жүреді

13.01.2020

Көкшетаудың Бейбітшілік шағын ауданында тұратын балалар мектепте жету үшін 2 жарым шақырым жаяу жүруге мәжбүр. Сондықтан тұрғындар жергілікті биліктен қоғамдық көлік сұрап отыр. «Жоқ дегенде оқушыларды тасымалдайтын арнайы автобус бөлінсе», - дейді ата-аналар.

Балалар 8-де басталатын сабаққа үлгеру үшін 7-ден аса үйлерінен шығады. Басқа ауданда орналасқан мектепке жалғызаяқ жолмен жүреді. Ал ол көшеде атымен жарық жоқ.

Әсіресе, қақаған қыстың аязды, боранды күндері тіпті қиын. Екінші ауысымда оқитындар үшін үйге аман есен жету-бір сынақ.

Шағын ауданды қаладан шоқы бөліп жатыр. Сондықтан бала түгілі ересектерге де оңай емес.

Тұрғындар бұл мәселені сан мәрте көтерген. Бірнеше қоғамдық қабылдауларда болған. Бірақ нәтижесіз. Әзірге жергіліктің әкімдіктің жауабы тұрғындардың көңілінен шығар емес.

Ал күнбе-күн жолдың азабын тартып отырған тұрғындардың күткісі жоқ. Балалардың қауіпсіздігі үшін арнайы көлік бөлуді сұрайды.

Ермек ЕЛБЕРГЕН


Хабарламаларға жазылу