Кеше Өзбекстан парламенті Заң шығару палатасы және жергілікті кеңестер депутаттығына кандидаттарға қайта дауыс беру өткізілді.
Өзбекстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мәлімдеуінше, қайта сайлауда Өзбекстан Либерал-демократиялық партиясынан 11, «Миллий тикланиш» демократиялық партиясынан 2, «Адолат» социал-демократиялық партиясынан, Халық демократиялық партиясынан және Өзбекстан Экологиялық партиясынан 4 кандидаттан Заң шығару палатасының депутаты болып сайланған.
Еске сала кетейік, 2019 жылғы 22 желтоқсанда өткен парламент сайлауында Өзбекстан либерал-демократиялық партиясынан 42 депутат сайланып, парламентте басымдыққа ие болған еді. Либерал-демократтар қайта сайлау нәтижелері бойынша өз басымдықтарын нығайта түсті. Осылайша бұл партия 53 депутаттық мандат алды. Ал «Миллий тикланиш» демократиялық партиясы 36, «Адолат» социал-демократиялық партиясы 24, Халық демократиялық партиясы 22, Өзбекстан Экологиялық партиясы 15 депутаттық мандатқа ие болды.