Қызылорда облысында Сырдария өзенінен өтетін Әлсейіт көпірі ел игілігіне берілді. Қазалы мен Арал ауданындағы 15 мыңға жуық халық ұзақ жылдар бойы күткен өткел ауылдағы ағайынды қуанышқа бөледі. 2017 жылы басталған көпір құрылысы біраз дауға қалып, межеленген жоспардан кешеуілдеп пайдалануға берілді.
Жаңа жыл алдында ашылған өткел дарияның арғы бетінде орналасқан 13 елді мекен халқының көптен күткен тілеуі болатын. Ұзындығы 219 метрді құрайтын, екі жолақты көпір ел мен елді жалғады. Енді шалғайдағы ағайын жол азабынан құтылып, орталыққа емін-еркін қатынайды.