Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы іргелі оқу орындарының бірі Қазақ агротехникалық университетіне барды. Ондағы ғылыми-зерттеу жұмыстарымен танысты. Ұстаздар ұжымымен және студенттермен кездесті.
Цифрлық даму бір емес, бірнеше бағытты қамтиды. Соның бірі — ауыл шаруашылығы саласы. Уақытты үнемдеп, аз шығын шығарып, мол пайда табудың тура жолы осы — цифрландыру. Біздегі тауар өндірушілер жыл өткен сайын осы сандық тәртіпке көшуде. Сәйкесінше, аграрлық салаға қажетті мамандар да өркениет көшіне ілесе бастады. Президент аралаған агротехникалық университет осы бағыттағы жетістіктерін таныстырды.
Теория мен тәжірибе қатар жүруде. Студенттер үлкен өндірістің үлгісін көзбен көріп, қолмен ұстап, жұмыс істеу тәсілін жан-жақты түсінеді. Яғни, аграрлық саланың болашақ мамандары цифрлық экономиканың, жасанды интеллектінің негіздерін игеруде.
Мемлекет басшысы ұстаздармен әңгімелесіп, оқу ордасының бастамаларымен танысты. Университет ректоры Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, оқу үрдісі түгелдей өзгеруде. Енді оқытып ғана қоймай, ұстаздар мен студенттердің өндіріске араласуына басымдық берілмек.
Жалғыз аграрлық университет емес, еліміздегі жоғары оқу орындары жаппай әлемдік интеграцияға ұмтылуда. Мәселен, бұл оқу ордасы Францияның және АҚШ-тың екі бірдей маңдайалды жоғары орнымен әріптестік орнатқан. Мақсат тәжірибе алмасу, озық әдістемелерді енгізу.
Елімізде студенттердің сапалы білім алуына айрықша мән беріліп жатқаны мәлім. Осы мақсатта жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасы заман талабына сай жетілдірілуде. Бұл бағыттағы әңгіме студенттермен болған кездесуде айтылды. Жаңа жылдан бастап шәкіртақының 25 пайызға өсетінін естіген жастар, сөздерін алғыс айтумен қорытындылады.
Ербол МӘНДІБЕК