Елбасы Еуразиялық экономикалық одақтың отырысына қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы Еуразиялық экономикалық одақтың отырысына қатысты

20.12.2019

Бүгін Ресейде бес ел ұзақ күткен маңызды құжат қабылданды. Тараптар зейнетақы реформасына қатысты келісімге қол жеткізді. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысу үшін Ресей қаласы Санкт-Петербургке ұшып барды. Алыс жолдан келе салысымен Елбасы бірқатар маңызды шараға қатысты. Одақтың отырысынан бөлек, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы мемлекеттер көшбасшыларының бейресми кездесуіне де келді.

Еуразиялық экономикалық одақтың әлемдік саяси аренада беделі жоғары, бәсі басым. Әуелгіде үштік одақ, кейін бестік бірлестік боп бекіді. Қазір 180 миллионнан астам халықты біріктіріп отырған алып нарық. Сыртқы сауда айналымының да адымы алшаң. 750 миллион доллардан асып жығылады.

Бестікке мүше елдер басшылары төрткөзі түгел жиналды. Елбасының да кеңес отырысына қатысуы заңдылық. Өйткені Нұрсұлтан Назарбаев Одақтың құрметті төрағасы. Әлем елдерінің 40-қа жуығы қызығушылық танытып отырған маңызды құрам бір жылдың ішінде осымен үшінші рет бас қосты. Себебі де түсінікті. Шешілмеген ортақ мәселелер көп. Кеңеске келген мемлекеттер көшбасшылары алдымен шағын, кейін кең құрамда кездесті.

Осыған дейін Одақ Сингапурмен серіктестік орнатты. Еркін сауда аймағы туралы келісім Экономикалық одаққа шығыс қақпасын ашқандай болды. Ал экономикалық көрсеткіштердің төмендеп бара жатқанына қатысушылар алаңдаушылық білдіріп келеді. Бүгінгі басқосуда да тараптар сауда өсімі, әлеуетті арттыру, тауар айналымы, салық саясаты, энергетика, кедендік-техникалық реттеу сынды маңызды сұрақтарды айналып өтпеді.

Бес жылда бес елдің түгелі еуразиялық интеграцияның игілігін көріп келеді. Одақ – сауда-экономикалық дәлізге айналды. Бизнес қауымдастықтарының қарым-қатынасы тығыз, байланыс бекем. Осының нәтижесі болар, Қазақстанда қазір Одақ елдерімен бірлесе құрған 11 мың кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Ал бұл одақтан халықтың ұтқаны не? Бірлестіктің негізгі ұстанымы да осы. Мүше мемлекеттердің тұрғындарына барынша қолайлы жағдай жасау. Бүгін көптен бері талқыланып келген күрделі мәселе шешімін тапқалы тұр. Ол зейнетақы реформасы. Әлеуметтік маңызды құжатқа қол жетті. Одаққа мүше мемлекеттердің жұмысшыларын зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісім жасалды. Демек, бұдан былай еңбек өтілі бес елге бірдей есептелінетін болады. Яғни бестік тұрғындарының қай жерде, қай елде жұмыс істегендері маңызды емес.

Санкт-Петербург саммитіне бірлестіктегі бестіктен бөлек, Молдова мемлекетінің Президенті де қатысты. Саммиттің салмағын сарапқа салған тараптар ұзын-саны 12 сұрақты талқылады. Ал келелі кеңес соңында келесі отырыс өтетін орынды белгілеп алды. 2020 жылдың мамыр айында Беларусь астанасы Минск қаласында өткізуге уағдаласты.

Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу