Нұрсұлтан Назарбаев Владимир Путинмен кездесті

27.12.2015
Нұрсұлтан Назарбаев Владимир Путинмен кездесті
Елбасы Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы мен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңеске қатысты.

Жыл аяқталар тұста географиялық тұрғыдан алыс емес, экономикалары біртекті, халықаралық саясатта да кейбір мүдделері ұқсастау көрші елдердің басшылары Мәскеуге жиналды.

Мақсат – Ұжымдық Қауіпсіздік шарты ұйымы мен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің жұмысын сараптау. Қазақстан Президенті осы сапарда Владимир Путинмен «шағын құрам» деп аталатын форматта кездесіп, кейбір мәселелерді талқылады.

Ортақ мәселе - екі елдің және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер арасындағы тауар айналымды бәсеңдетпеу. Және қазіргідей қиын тұста экономиканы мүмкіндігінше қолдау.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

ЕАЭО алғашқы жылы оңай болған жоқ. Дағдарысқа тап болдық. Барлық елде ІЖӨ 30 пайызға түсті. Халықаралық сауда қарқыны баяулады. Десе де, бұғанасы бекімеген экономикалық кеңістікте өзара сауда айналымы қалыптасты. Одақты құру туралы шешіміміз дұрыс болды. Біз әрі қарай жылжуымыз керек.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:

Біз қазір кедендік реттеуден бастап, өзге де мәселелерге қатысты ортақ ережелер төңірегіндегі жұмысты жалғастырып жатырмыз. Мұның барлығы жемісін беруде. Біз өзара келісім жасап, соның аясында жұмысты жетілдірмегенде, біздің экономикамызға тиер соққы бұдан да ауыр болар еді.

Мәскеуде Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше алты елдің басшылары кездесіп, кеңес өткізді. Талқыланған тақырып, жалпы қауіпсіздік және жаһанды алаңдатқан терроризм мәселесі.

Террор қаупі қазір әлемде ушығып тұр. Ақылдаса келе, «алтылық» халықаралық құқық қағидаттарына сай, ауқымды антитеррорлық коалиция қалыптастыру қажет, деп шешті. Қорытындысында үш құжат бекітті.

Содан кейін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысты. Қазақ елі келер жылы одақтың комиссия алқасынан басқа барлық органдарына Төрағалық етеді. Яғни, Президент Нұрсұлтан Назарбаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесті басқарады.

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу