Енді митинг өткізу үшін жергілікті биліктен рұқсат алу қажет
емес. Тек құлақтандырып, ескерту жеткілікті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт
Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында осындай мәлімдеме
жасады. Бұл жаңа ережені енгізу үшін «Бейбіт жиналыстар жөніндегі» заң жобасы
әзірленіп жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Митингтерге рұқсат етілуі тиіс. Тек олар қоғамдық тәртіп пен
азаматтардың тыныштығын бұзбауы керек. Бұл - менің түбегейлі қағидам. Сіздер
оны білесіздер және оны заң жүзінде бекіту керек. Қоғамдық санаға митинг
мәдениетін енгізетін уақыт келді. Қоғам да, мемлекет те өз ұстанымының көпшілік
алдында жариялануын дұрыс қабылдауы тиіс. Бірақ митингтер құқық қана емес,
жауапкершілік екенін де ұғынған жөн.
Жаңа саяси бағыт. Жаңа қоғамдық жүйе. Ұлттық кеңестің екінші
отырысында Президент саяси
мәселелерге өз баяндамасында соңында тоқталғанымен, бұл бастамалар ең басты әрі
маңыздысы десек болады. Қасым-Жомарт Тоқаев «Парламент туралы» заңды толықтыру
қажет екенін мәлімдеді.
Саяси өмірге серпін беретін тағы бір тапсырма – саяси партия
құру үшін тіркеу кедергілерін азайту. Бүгінгі талап бойынша партия тіркеу үшін
бірлестіктің кемі 40 мың мүшесі болуы тиіс. Ескі ереже азаматтардың
белсенділігін тежеп тұр.
Сондықтан Президент
партияны тіркеу үшін қойылатын басты талапты өзгертіп, мүшелер санын 40 мыңнан
20 мыңға дейін азайтуды ұсынды. Сондай-ақ енді партия тізімдерінде жастар мен
әйелдердің үлесі 30 пайыздан кем болмауы тиіс. Қоғамды толғандырып, едәуір
талқыланған Қылмыстық Кодекстің қос бабына тоқталсақ. Президент 174-ші мен
130-шы баптарға қатысты кеңес аясында да қызу пікірталас болғанын мойындады.
Біріншісі, яғни, «ұлтаралық, дінаралық араздықты қоздыру», «тұтату» болып аталады. Заң тілінде тұжырымы
нақтыланғанның арқасында бұл бап ізгілендірілді. Бұдан бөлек, осындай іспен
сотталғандардың қаржылық шектеулері жеңілдетілетін болды.
Ал атышулы «Жала жабу» жөніндегі 130-шы бап Қылмыстық
Кодекстен әкімшілікке ауыстырылды. БАҚ-тың бағын байлай жаздаған бұл бапқа
қатысты Президент шешіміне алдымен журналистер қауымы қуанды.
Тағы бір көкейкесті мәселе – жер телімдерін тиімсіз
пайдалану. Президент қазан айында Жерді қашықтықтан бақылауға бағытталған заңға
қол қойған еді. Кеңес отырысында Мемлекет
басшысы жерді ғарыштан қадағалау бойынша жаңа жобаны бірқатар өңірде келер
жылдың мамырына дейін әзірлеуді тапсырды. Ал телімдерді тимсіз
пайдаланғандардың негізгі салық мөлшерлемесін оннан жиырмаға дейін ұлғайту
жүктелді.
Шетелдік компаниялардағы отандық жұмысшылардың титығына
жеткен теңсіздік мәселесіне қатысты да Президент маңызды шешім қабылдады. Өйткені осы күнге дейін
тексерілген 95 кәсіпорыннан 930 заңбұзушылық анықталыпты. Сондықтан Қасым-Жомарт
Тоқаев 2020 жылы шетелдік жұмыс күшін тартуға квотаны азайтуды тапсырды. Биыл
49 мыңға, ал келер жылы 29 мың адамға дейін қысқарады. Шетелдік компанияларға
бақылау да күшейтіледі. Жалпы құрамы 250 жұмысшының 30-дан астамы өзге ел
азаматы болса, тексерістер ұдайы жүргізілетін болды. Осылайша, айлықтағы теңсіздік
мәселесі де шешілмек. «Ақша» демекші, төл теңгенің тұрақсыздығы да сөз болды.
Қаржы саласындағы тағы бір жаңалық, Президент үй мен автокөлік алғаш рет сатылған
кезде ақшаны қолма-қол емес, электронды түрде аударған дұрыс деп санайды. Өйткені
жылжымайтын мүлік пен автокөлік нарығындағы көлеңкелі бизнестің үлесі 3
триллион теңгеге жетіп қалған. Мұны ретке
келтіру үшін Мемлекет басшысы
дереу заңнамалық өзгерістер енгізуді тапсырды. Ал қоғам зейін салған зейнетақыға
қатысты шешімді кейінге шегеруді ұсынды.
Бұдан бөлек, Президент әлеует
үшін маңызы зор әлеуметтік мәселелерге де тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев атаулы әлеуметтік
көмектің адал әрі әділ көрсетілуін талап етті. Ал қазақ әліпбиін латын
графикасына көшіруде мұқият сараптама жасау қажет екенін атап өтті.
Жалпы, кез келген мәселені Мемлекет басшысы алдымен сараптап, қоғаммен ақылдасып алып қана шешу маңызды екенін қадап айтты.
Альбина ӘШІМ