ҚР СІМ Еламан Жолдасовтың қазасына қатысты түсінік берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ҚР СІМ Еламан Жолдасовтың қазасына қатысты түсінік берді

18.12.2019

Египетте көз жұмған Қазақстан елшілігі қызметкерінің денесі баспалдаққа асылып тұрған жерінен табылған. Еламан Жолдасовтың жұмбақ өліміне қатысты Сыртқы істер министрлігі осылай деді. Олар осы уақытқа дейін таралған «марқұмның қолы мен аяғы артынан байланып, жер бетімен сүйрелген» деген ақпаратты жоққа шығарды. Алайда, оның туыстары мұнымен келіспейді. Өйткені Еламан Жолдасовтың жары оның денесін алғаш көргенде қан болғанын және киімі бүлінгенін айтқан. Күдігі көп, күмәні басым оқиға туралы тілші материалы...

Бұл жұмбақ жағдайда көз жұмған Еламан Жолдасовтың ет жақындары. Олар қаралы хабарды марқұмның Каирде тұратын әйелінен 13 желтоқсан күні естіген. Содан бері қара жамылып отыр.

Нұрлан Жолдасов, Еламан Жолдасовтың ағасы:

Негізі ол өз-өзіне қол жұмсайтын адам емес. Дін жолында жүрген адам. Өйткені, ол қаншама ғылыми еңбек жазды. Бейбарыстанушы сол жақта.

Арман Құлниязов, Еламан Жолдасовтың бауыры:

Жеңге сағат 11:10-да көргенін айтады. Шыға беріс жерде етпетімен жатқанын жеткізді жеңге. Басы байланған. Шалбарының асты шаң, басының оң қапталы қан болғанын айтты.

Еламан Жолдасов еліміздің Египеттегі елшілігінде 2017 жылдан бастап жұмыс істеген. Түрлі маңызды істерге араласқан.

Мысырға арнайы барып келген Сыртқы істер министрлігінің өкілі бұл істі Египет прокуратурасы қолға алғанын жеткізді. Бірнеше жаңа деректің табылғанын хабарлады.

Айбек Смадияров, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:

Оны тапқан кезде оның мойыны жіпке оралып, баспалдақтың таянышына асылып тұрған. Алғашқы сыртқы тексеру кезінде дене де қандай да бір зақым көгерулер мен жарақаттар болған жоқ. Қолдары мен аяқтары байланбаған. Оны оқиға орнында жасалған фото және бейнематриалдар дәлелдейді.

Министрлік өкілі тергеу мүддесіне байланысты бұл материалдар қазір жарияланбайтынын айтты. Сондай-ақ қазақстандық дипломаттың Каирде тұрған үйі тәулік бойы күзетілетінін жеткізді. Қазір марқұмның денесіне сот-медициналық сараптамасы жүргізілуде. Соның қорытындысынан кейін ғана денесі елге әкелінеді. Ал 40 жастағы азаматтың артында екі баласы мен аяғы ауыр жары қалды.

Амангелді СЕЙІТХАН


Хабарламаларға жазылу