Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында 120 отбасы баспаналы болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында 120 отбасы баспаналы болды

12.12.2019

Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Қарағанды облысының Саран қаласында 120 отбасы баспаналы болды. Олардың барлығы ұзақ жыл кезегін күткен пәтерге мұқтаж жандар. Бес қабатты үй отандық жылу үнемдейтін құрылыс материалынан салынған. Дайын панельдер дәл осы Саран қаласындағы зауытта жасалған. Сонымен қатар, бұл арнайы пандус орнатылған облыстағы алғашқы үй.

Жаңа үйдің құрылысына таза отандық өнімдер қолданылған. Саран қаласындағы зауытта жасалған ірі панельді термоқабырғалар суық өткізбейді әрі іштегі жылуды жақсы сақтайды. Бүгінге дейін дәл осы технологиямен облыста 19 үй салынған.

Келешекте Саранда тағы үш бірдей үйдің құрылысы басталады. Осылайша, 2021 жылы 300 отбасы қоныс тойын тойламақ. Сондай-ақ қаланың қаңырап тұрған ауданында екі үй қайтадан қалпына келтірілмек. Ал жалпы облыс бойынша биыл 420 мың шаршы метр тұрғын үй салынған.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу