Балқашта биыл 16 мың шаршы метр тұрғын үй салынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Балқашта биыл 16 мың шаршы метр тұрғын үй салынды

13.12.2021

Қарағанды облысының Балқаш қаласында баспана құрылысы 2 есеге артқан. Биылдың өзінде 16 мың шаршы метр тұрғын үй салынған. Бұл металлургтердің шағын шаһарында бұрын-соңды болмаған жетістік. Тәуелсіздік күні қарсаңында балқаштықтардың тағы бір легі баспаналы болмақ.

6 баланың анасы Торғын Табылдинованың күйеуі осыдан 6 жыл бұрын дүниеден озған. Отбасы көп жыл пәтер жалдап келді. Мейрамханада аспазшы болып жұмыс істейтін көпбалалы ананың табысы бала-шағаның тамағынан артылмайтын. Жақында кезегі келіп, жаңа салынған үйден екі бөлмелі пәтерге қол жеткізді.

Торғын Табылдинова, Балқаш қаласының тұрғыны:

Пәтер жалдап жүрдім, алда бәрі жақсы болады деп үміттеніп жүретінмін. Енді міне қуаныштымын. Пәтер жақсы, көңілімнен шықты. Бала-шағам да бәрі қуанып жатыр, бәрі жақсы, жылы үй.

Биыл Балқашта барлығы 146 отбасы баспаналы болды. Соның 90-ны «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған қос үйге Тәуелсіздік күні қарсаңында қоныстанды. Келешекте қаланың бұл аумағында жаңа аудан бой көтереді. Мұнда әрқайсысы 45 пәтерлі тағы екі үйдің құрылысы басталған.

Саятбек Мусин, Балқаш қаласы құрылыс бөлімінің басшысы:

Қазір құрылыс көлемі былтырғы жылға қарағанда көп. 16 мң шаршы метрге жетті. Осыдан 1-2 жыл бұрын 8-9 немесе 5 мың шаршы метрге дейін ғана салатынбыз. Қазір міне қаражат бөлініп жатыр. Жеке кәсіпкерлердің де қаражатына салынып жатыр. Енді мұндай үдеріс жалғасады деп ойлаймыз.

Бүгінде қалада үй кезегінде 1600-ден астам тұрғын бар. Жаңа үйлер көптеп салынған сайын баспана кезегіндегілердің де саны артуда. Осыған байланысты келер жылы құрылыс аумағын 20 мың шаршы метрге дейін жеткізу көзделген.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу