Ирактан елге қайтарылған 14 баланың 10-ы туыстарына берілді

12.12.2019

Көптен күткен кездесу! Ирактан елге қайтарылған балалар бүгін еліміздегі туыстарының қамқорлығына берілді. 14 ұл-қыз «Жусанның» жалғасы «Русафа» операциясы арқылы екі апта бұрын Қазақстанға жеткізілген еді. Аналары лаңкестік әркетке қатысқаны үшін Бағдатта түрмеде жатса, өздері осы уақыт ішінде Нұр-Сұлтанда оңалтудан өтті. Сөйтіп жаңа өмірге бейімделе бастаған кішкентайлар бүгін жаңа отбасымен қауышты.

Ирактан қайтарылған кішкентай қаракөздер Қазақстанға үйреніп қалғандай. Жарты айға жуық оңалту орталығында болып, бүгін Нұр-Сұлтанды аралады. Бас қаланың символы – Бәйтерекке көтерілді.

Атыс-шабыстан әбден үркіп қалған балаларға, әрине, жылулық керек. Өйткені әрқайсының тағдыры аянышты. Көбісін аналары Бағдат түрмесінде дүниеге әкелсе, кішкентай мына ұлды Ирак сарбаздары бомбадан қиратылған үйдің ішінен тауып алған. Жетім қалған 13 жастағы Ысқақ та бұған дейін теледидардан ғана көрген бәйтеректің суретін салып, мұнда бір көтерілуді армандаған еді. Бүгін, міне, 97 метр биіктікте тұрып, тілек тіледі.

Азғантай экскурсиядан кейін ұл-қыздар осындағы ата-ажелері мен аға-жеңгелеріне берілді. Десе де тәрбишілерге үйреніп қалған балалар жақындарын жатырқаса керек, еңкілдеп қоя берді.

Өйткені соғыс пен түрмеден өзгені көрмеген кішкентайлар үшін мұның бәрі әзірге таңсық. Сондықтан туыстарына көпке дейін үйренісе алмады. Ал баласы жатырқап жатса да, ата-әжелері немересін құшағына басқанына дән риза.

Өкініштісі, Ирактан қайтарылған 14 баланың 10-ы ғана туыстарына берілді. Қалған 4-еуінен жақындары бас тартып отыр.

Енді балалар Орал, Алматы, Шымкент, Ақтөбе секілді қалаларға барады. Құжаттары жасалып, балабақша мен мектептерге орналастырылмақ.  

Досжан МАРАТҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу