Алматыда радио мен телевизия саласының ардагері, қазақ журналистикасының қалыптасуына ерен еңбегі сіңген қоғам қайраткері Төлепберген Тобағабылдың құрметіне өзі тұрған үйдің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды.
Төлепберген Әбенұлы 1936 жылы 20 мамырда Қызылорда облысының Тереңөзек ауданында дүниеге келген. 1957 жылдан бастап бірнеше басылымда әдеби қызметкер, жауапты хатшы, бөлім меңгерушісі болған. Кейінгі жылдары Қазақ радиосының редакторы, Қазақ КСР Телевизия және радиохабар жөніндегі мемлекеттік комитетте бас редактор, Қазақ радиосында бас редактор қызметін атқарған. Көптеген деректі фильмнің авторы. Сонымен қатар, «Өкініш», «Өңшең мықты», «Тағдыр», «Тағы да күз» сияқты тағы да басқа кітаптары жарық көрген.
Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ