Ұлттық банк 27 қарашада номиналы 500 теңгелік күмістен «Дала қазынасы» монеталар сериясынан «Quraq kórpe» коллекциялық монеталарын және номиналдары 200 және 100 теңгелік мельхиор қоспасынан «Қазақстанның флорасы мен фаунасы» монеталар сериясынан «Kόbelek. Lasiommata maera» коллекциялық монеталарын айналымға шығарады, деп хабарлайды банктің баспасөз қызметі.
«Quraq kórpe» монеталарының сипаттамасы:
Монеталар түрлі түсті басу технологиясын қолдана отырып күмістен дайындалды. Монетаның аверсінде орталық бөлігінде «QAZAQSTAN RESPÝBLIKASY ∙ REPUBLIC OF KAZAKHSTAN» деген жазбаның қоршауында Елтаңба орналасқан. Төменгі бөлігінде монетаның номиналы және монета дайындалған металды, оның сынамын және массасын білдіретін жазба бар. Монетаны айналдыра ұлттық ою-өрнек бейнеленген.
Монетаның реверсінде қолдан жасалған құрақ көрпенің бейнесі, «Quraq kórpe» деген жазу, соғылған жылы және Қазақстан теңге сарайының тауар белгісі орналасқан.
Техникалық сипаттамалары:
Монеталар 925/1000 сынамалы күмістен дайындалған, массасы – 31,1 грамм, диаметрі – 38,61 мм, дайындау сапасы – «proof», таралымы – 1500 дана.
«Kόbelek. Lasiommata maera» монеталарының сипаттамасы:
Монеталардың бет жағында (аверсінде) оң жағында жануарлар мен өсімдіктерден құралған коллаж қоршауында Елтаңба, сол жақта Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің тауар белгісінің (логотипінің) бейнесі және монетаның номиналын білдіретін «200 TEŃGE» деген жазба орналасқан. Монетаны айналдыра «QAZAQSTAN ULTTYQ BANKI» және «NATIONAL BANK OF KAZAKHSTAN» деген жазу жазылған.
Монеталардың сырт жағында (реверсінде) интерференциялық құбылмалы бейнелеуді және түрлі түсті басып шығаруды қолдана отырып көбелек бейнеленген, монетаның жоғарғы оң жақ бөлігінде «Kόbelek. Lasiommata maera» (латынша түр атауы) орналасқан. Төменгі бөлігінде монетаның атын және соғылған жылын білдіретін «Kóbelek 2019» деген жазба бар.
Техникалық сипаттамалары:
Монеталар интерференциялық құбылмалы бейнелеу технологиясын қолдана отырып мельхиор қоспасынан дайындалған. Номиналы 200 теңгелік монеталар мельхиор қоспасынан, «рrооf-like» сапасымен дайындалған, массасы – 15 грамм, диаметрі – 33 мм, таралымы – 5000 дана.
Айта кетейік, бұл коллекциялық монеталар Қазақстан аумағында көрсетілген құнымен төлемнің барлық түрлері бойынша, сондай-ақ банк шоттарына есептеу үшін және аударым жасау үшін қабылдануға міндетті, Қазақстан Республикасының барлық банктерінде шектеусіз ұсақталады және айырбасталады.