Бас басылым 100 жылдығын тойлап жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бас басылым 100 жылдығын тойлап жатыр

21.11.2019
Бас басылым 100 жылдығын тойлап жатыр

Бүгін елордадағы Қазмедиа орталығында «Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жылдығына орай салтанатты жиын өтті. Шараға Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев және басқа да мемлекеттік органдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары, қазақ баспасөзінің ардагерлері, зиялы қауым өкілдері қатысып, редакция ұжымын мерейтоймен құттықтап жатыр. Жиында Қырымбек Көшербаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді. 


«Egemen Qazaqstan» әуел бастан ұлттық мүддені, елдік мұратымызды және рухани құндылықтарымызды дәріптеп, қазақ баспасөзінің қара шаңырағына айналды. Жүз жасаған газеттің егемен ел болу жолында атқарған жұмысы ұшан-теңіз. Қазақстанның шежіресі бас басылымның тарихымен қатар өрбіді. Тәуелсіздік таңы атқалы газеттің әр санында Елбасы бастамалары, мемлекеттік маңызы бар іс-шаралар толық баяндалды. Осы игі үрдіс жаңғырудың жаңа кезеңінде жалғасын тауып, «егемендіктер» Тәуелсіздік жолында жемісті қызмет ете береді деп сенемін», - делінген Мемлекет басшысының құттықтау хатында. 

Сондай-ақ шара барысында редакция ұжымының бірқатар қызметкері Президенттің Алғыс хатымен марапатталды.



Іс-шара аясында Қазмедиа орталығында «Жүз жылдық жылнама» атты кешенді көрме жұртшылық назарына ұсынылды. Көрмеге «Ұшқыннан» «Egemen Qazaqstan» газетіне дейінгі уақыт сабақтастығын көрсететін заманауи көрнекі экспозициялар, сирек суреттер, «Егемен Қазақстан кітапханасы» сериясымен жарық көрген кітаптар, газет өндірісі тарихынан хабар беретін жәдігерлер қойылған.



Ғасырды еңсерген республикалық басылым алғаш рет өз оқырмандарының қолына «Ұшқын» деген атпен 1919 жылғы 17 желтоқсанда тиді. Содан бері бұл газетте әр жылдары Бернияз Күлеев, Смағұл Сәдуақасов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов, Ғабит Мүсірепов, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев сынды ұлтымыздың біртуар азаматтары қызмет істеп, басылымды дамыту, бет-бейнесін қалыптастыру, беделін арттыру ісіне зор үлес қосты. Газет өз тарихында «Ұшқыннан» кейін «Еңбек туы», «Еңбекшіл қазақ», кейіннен «Социалды Қазақстан», «Социалистік Қазақстан» атауымен жарыққа шықты. Еліміз егемендік алған тұста аты «Егеменді Қазақстан», ал 1993 жылы «Егемен Қазақстан» болып өзгерді.

Газеттің барлық облыста меншікті тілшілері, Алматы және Шымкент қалаларында тілшілер қосыны бар. Таралымы 200 мыңнан асатын газет редакция­сында бүгінде 100-ден аса адам жұмыс істейді. 

Хабарламаларға жазылу