АҚШ-та электронды темекіден ауруға шалдыққандар көбейіп келеді. Олардың саны 2 мыңнан асты. Ал АҚШ (24 штатта) пен Колумбияда қайтыс болғандар саны 42-ге жеткен. Сондай-ақ вейп түтінінен Бельгияда 1, Ұлыбританияда 2 адам мерт болған. Құрбан болғандардың ең кішісі 17 жаста болса, ең үлкені 75 жаста.
CNN-нің хабарлауынша, электронды темекі шеккеннен кейін өкпесі ауырып, тыныс алуы қиындаған жандар сәт сайын өсіп жатыр. Бұған нақты не себеп екені әзірге белгісіз. Әйтсе де бұл ауруға EVALI атауы берілді. Қазір 40-қа жуық мемлекетте вейп-өнімдерін сатуға тыйым салынды.
Вейп-аурудың белгілері:
- Дем алу мен дем шығарудың қиындауы;
- Демікпе ұстамасы;
- Кеуде тұсының ауруы;
- Жүрек айнуы;
- Диарея;
Вейп-ауру туралы не білеміз?
Вейпингтің кесірінен қайтыс болған адам туралы алғаш АҚШ-тың Иллинойс штатында хабарланды. Ол химиялық күйіктен қайтыс болды деп болжанды.
Электронды темекі шеккендердің 76 пайызы ТГК (тетрагидроканабинол) қосылған сұйықтықты пайдаланған.
Қазір мамандар аурудың нақты неден туындап отырғанын зерттеп жатыр. Қыркүйектің басында осы темекілерге құйылатын сұйықтықтың құрамында Е дәруменінің шамадан тыс көп болғаны анықталған еді. Алайда дәрігерлер алдын ала қорытынды шығаруға асықпай отыр.
Зардап шеккендер туралы
- 70 пайызы – ерлер;
- Ауруға шалдыққандардың орташа жасы - 53, қайтыс болғандардың ең кішісі 17 жаста, ең үлкені 75 жаста;
- Зардап шеккендердің 19 пайызы 35 жастан асқандар, 26 пайызы 25-34 жас аралығындағы, 18 пайызы 21-24 жас аралығындағы, 21 пайызы 18-20 жас аралығындағы, 16 пайызы 18-ге толмаған азаматтар;
Науқастардың көбіне қосымша оттегі қажет, ал кейбірінің өкпесіне жасанды желдету аппараты қойылған.
Дереккөз: 24tv.ua