Орал қаласының іргесіндегі Круглоозерное кентінде жаңа балабақша қаңырап бос тұр. Тұрғындар бір жылдан бері «әне-міне ашылады» деген уәдеге тойғандығын айтады. Ал кенттегі балабақша кезегінде 200-ге жуық бала тіркелген. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қолға алынған жоба неге тоқтап тұр?
Іші-сырты сыңғырлаған 100 орындық балабақша ғимараты дайын тұр. Жиһазы түгел, жарық-жылуы бар. Бірақ ашуға әкімдіктен рұқсат жоқ. Қаңырап тұрғанына бір жыл болды.
Ауылда басқа балабақша жоқ. Тек жалғыз мектепте 75 орындық шағын орталық жұмыс істейді. Оған барлық бала сыймайды.
Облыс мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын жүзеге асыру бойынша соңғы орындарда. Мысалы, жол салу, жарық өткізу, бейнебақылау орнату бойынша кәсіпкерлер қаржы бөлуге құлықсыз. Ал енді дайын жобаны әкімдіктің қабылдамай отырғаны түсініксіз.
Бұл жоба бұрынғы облыс әкімі Алтай Көлгіновтің кезінде мақұлданған еді. Құжаттары түгел. Енді жергілікті билік инвестициялық шығынды өтеуден бас тартқысы келеді.
Егер жоба өзгеріп, жеке балабақшаға айналса, әр балаға 50 мың теңге төлеуге халықтың қалтасы көтермейді. Сондықтан кент тұрғындары мәселенің оң шешілуін талап етіп, облыс әкімі мен «Nur Otan» партиясына хат жазды.
Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ