Қазақстандық оқушылар робот-мұғалім құрастырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандық оқушылар робот-мұғалім құрастырды

18.11.2019

Талдықорғандық оқушылар бастауыш сыныптарға сабақ беретін робот-мұғалім құрастырды. Бұл жобасымен жуырда олар Венгрияда өткен халықаралық робототехникалық олимпиадаға қатысып жүлделі оралды. Мектеп оқушыларының ойлап тапқан құлтемірі бірнеше пәннен сабақ беріп, инклюзивті балаларды да оқытуға қабілетті. Яғни нашар естіп, көру қабілеті төмен оқушыларға да бейімделген.

Бұл құлтемірді Даниил мен Лина және алматылық тағы бір оқушы сәуірде құрастыра бастады. Әуелде жетілдіріп облыстық байқауға қатысты. Кейін республикада топ жарды. Кем-кетігін түзеп, әбден пысықтап халықаралық додаға шықты. Айтуларынша, оған жарты жылдай уақыт кеткен.

Бүгінде оқытушылардың уақыты аз. Ал құлтемір олардың кей міндеттерін орындап, жұмысын жеңілдетеді. Нақтырақ айтсақ, оқушыларды түгендеп, бағасын қойып, кей сабақта тапсырмалардың орындалуын қадағалай алады.

Бүгін робот-мұғалім бастауыш сынып оқушыларына сурет пәнінен сабақ беріп көрді. Ағылшынша шаршы мен шеңбер салуды үйретті. Әрине шартты түрде. Сондықтан бұл робот болашақта мұғалімнің көмекшісі бола алады.

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу