Түркістан облысы Жетісай ауданындағы 5 елді мекенге осыдан 3 жыл бұрын табиғи газ тартылғанымен ауылдағы ағайын әлі күнге оның игілігін көре алмай отыр. Орталықтан шалғай аймақтарға «көгілдір отын» жеткізу үшін қазынаның қыруар қаржысы жұмсалып, желі тарту ісі толық аяқталып қойған. Алайда көшенің қос қапталымен ұзына бой тартылған құбырлар мен есптегіш құралы орнатылған қобдишалар қазір ауылға құр әшейін сән беріп тұр. Тартылған құбыр бар да, ішінде газ жоқ.
Қарашаның қара суығында бүрсең қағып отырған жалғыз бұл ауыл емес. Бақандай 5 елді мекен. Ауылға газ құбыры тартыла бастағанда алақайлап қуанған жұрт, енді игіліктен үмітін үзе бастады.
Нәтижесіз аяқталған тірлікке байланысты атқарушы биліктің айтатын себебі көп. Екі жыл жүйені магистарльді желіге қоса алмай жүрген. Биыл оны бітіріп еді, енді желіні қосуға ақша аударта алмай отыр. Газ тарату мекемесі эксплуатацияға, яғни желіні қосып, тексеріп беруге пайдаланылған газ бен қызметіне ақы сұрайды.
Аудан әкімдігі сұраған қаржыны облыстың нақты қай мерзімде аударып беретіні көрсетілмеген. Соған қарағанда 5 ауылдағы мыңнан астам абонентті желіге қосу ісі жыл аяғына қарай әрең бітетін сыңайлы.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ