Зайсанды газбен қамту жұмысы тоқтап қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Зайсанды газбен қамту жұмысы тоқтап қалды

23.06.2021

Шығыстағы Зайсан ауданының халқын газбен қамту жұмысы тоқтап қалды. Ауылдарды айтпағанда, көгілдір отын аудан орталығына да ала-құла берілген. Зайсан қаласынан бөлек, газға тағы 8 ауыл қосылуы тиіс болған. Бірақ, басталған жұмыс соңына дейін бітпеген.

Берік Көшербай, тілші: 
Зайсанның газы көп жылдан бері көрші Қытай еліне де экспортталады. Бірақ, парадокс, аудан орталығы Зайсан қаласында әлі күнге дейін осы көгілдір отынның игілігін көре алмай отырғандар бар. Мысалы, мына көшені бір жағына газ құбыры келіп тұр, ал қарама қарсы тұрған үйлер әлі күнге дейін пеш жағып отыр.

Жергліікті тұрығндар шекараның арғы жағындағы ағайынға қызыға қарайды. Өйткені осы жақтан кетіп жатқан көгілдір отынның рахатын солар көріп отыр.

Бауыржан Тілеубекұлы, Зайсан қаласының тұрғыны: 
Мына жерде 150 километр жерге барып тұр. Ал салықты біз төлеп жатырмыз ғой. Көлікке төлейміз, жол жоқ. Тағы төлейміз, газ жоқ. Ұқпаймын енді не істеуге болатынын.

Зайсаннан газ шықты дегенде осы өңірдің бүкіл халқы қуанды. Билік өкілдері газ құбырын тіпті Өскеменге де тартамыз деген. Бірақ облыс орталығы түгілі зайсандықтардың өздері тегіс қамтылмай отыр.

Асқар Шәкенов, Зайсан қаласының тұрғыны: 
 Газ деп 2011 жылдан бері шулап жүрміз. Неше әкім ауысты, солардың алдына неше рет бардық, осы мәселемен.

3-4 жыл бұрын Зайсан ауданындағы 9 ауылға газ беріліп, 8не жетпей қалған.Газ құбыры елді мекенге дейін тартылғанымен, жобаны ары қарай іске асыруға ақша жоқ.

Марат Көңбаев, Зайсан аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы: 
100 метр құбыр тартылмай қалғаны бар, жалғыз үй қалып қалғаны бар. Солардың бәрі күтуде. 183 үй ол жобаға кіріп тұр, онда тұрып жатқан адамдар. Бұған қоса, 3-ші кезең жобасының ішінде, келешекте құрылыс жүретін аудандар, үйлер салынатын, солардың бәрі қамтылған.

Шілікті, Тасбастау және Жалши ауылын да газбен қамтудың жобалық сметалық құжаты дайын. Бұл жобалар бюджеттен ақша бөлінген соң ғана жүзеге асады. Ал қаражаттың қашан берілетіні әзірге белгісіз.

Берік Көшербай 

Хабарламаларға жазылу