Ұлттық арна ата-ана қамқорлығынсыз қалған 6 баланың баспаналы болуына үлес қосты

12.11.2019

Ұлттық арна ата-ана қамқорлығынсыз қалған алты баланың баспаналы болуына сеп болды. Осыдан бір ай бұрын Семейдегі тілшілеріміз кенеттен аналарынан айырылып, жалғыз қалған балалардың тұрмысы жайлы материал әзірлеген болатын. Сюжет эфирге шыға салысымен еліміздің әр түкпірінен қайрымды жандар хабарласып тағдырдың тауқыметін тартқан ағайындыларға көмек қолын созды. Жалдамалы жер үйде тұрып келген балаларға қалада жаңадан салынған тұрғын үйлердің бірінен 2 бөлмелі пәтер беріліпті. Отбасында туғанан жүре алмайтын үш балаға ыңғайлы болуы үшін бірінші қабаттан табысталған. Осыған дейін саяжайды жалдап тұрып келген бауырлардың қуанышында шек жоқ.

«Баспаналы болғанмен, басты мәселеміз шешімін тапса»,- дейді ағайындылар. Үйдің үлкені Жадыра туабітті арбаға таңылған. Одан бөлек, отбасындағы 11 жасар Нұрсезім мен ең кенже Санжар да туғаннан жүре алмайды. Нұрсезімнің тыныс алуы күн санап қиындап барады. Отыра бергендіктен омыртқасы қисайған. Қазір екі балаға жергілікті дәрігерлер нақты диагноз қоя алмай отыр. Сондықтан белгісіз дертті анықтап, оны емдеуге көмек қажет.

Балаларды Нұр-Сұлтан , не басқа қалаға апарып, диагнозын нақтылау да әзірге мүмкін болмай тұр. Сондықтан тағдырдың ауыр сынына тап болған балалар көмек қолын созатын қайырымды жандардың қолдауына әлі де болса зәру. 

Ержан ЖАҚЫП


Хабарламаларға жазылу