Ақмола облысының Макинск қаласының тұрғындары жылдар бойы жылуға жарымай отыр. Тұрғындардың айтуынша, пәтердегі температура 10-12 градус, ал, қыстың аязды күндері тіпті 0 градусқа дейін төмендеп кетеді. Мәселе дереу шешілмесе, биылғы қыста да бала шаға бүрсең қағатын болды деп алаңдаулы жұрт.
Николай Франко көп пәтерлі үйде тұрса да пеш жағып отыр. Үй орталықтындырылған жылу жүйесіне қосылған, бірақ одан пайда жоқ. Күздің қара суығында бүрсең қаққан қария, қыстың көзі қырауда қалай болады деп уайымдайды.
Николай Франко, Макинск қаласының тұрғыны:
Жылу үшін төлейміз, оның үстіне пеш жағып шығынданамыз. Өйтпесе, үй мұздай. Біз екінші қабатта болған соң пеш жағамыз, ал менің асытмдағы көршімде пеш жоқ. Үйлеріндегі температура күн суық кезде 0 градусқа дейін төмендейді. Ал жылу үшін 100 пайыз төлейміз.
Макинскідегі үш үйге жылу жылдар бойы дұрыс берілмей келеді. Үш жыл бұрын көрші үйлердің біріне жылу тартқыш құрылғы орнатылған. Сол күннен бастап береке қашты, бойымыз бір жылынбады дейді тұрғындар.
Галина Нечитайло, Макинск қаласының тұрғыны:
Жылу құбырлары сұп-суық. Оған не болды деп 1 ай бойы бас қатырдық. Алдымен жылу жүйесі қоқысқа толған екен деп оны шайдық, тазаладық. Одан емес. Енді бір күні жарық өшпесі бар ма?! Енді қарасақ, құбырымыз бірден ыси бастады. Содан көрші үйлердің бірінде, яғни 23 үйге насос орнатылғанын білдік. Бар гәп содан болып отыр. Келетін жылу бізге жетпей сол құрылғы арқылы тартылып әкетіледі.
Жауапты мекеме өкілдері Новая көшесіндегі көп үйдің жылу тартқыш орнатып алғандарын мойындайды. Кейбірі, мұндай құрылғыны тіпті пәтерлеріне дейін тартып алған. Салдарынан өзге тұрғындар жылудан қағылды.
Асхат Жақыпов, «Макинск жылу» кәсіпорыны директорының міндетін атқарушы:
Новая көшесіндегі бірнеше үйлер жылуға қалай болсын солай қосылған, жылуды пәтерлеріне жеке тартып алғандар бар, жеке дара насос орнатып алғандар бар. Ойларына не келсе, соны жасаған. Бар гәп сонда. Енді біз, 14 үйдің ішкі жылу желісін ауыстырамыз ба деп отырмыз. Қазір мамандар тексеріп жатыр. Ал 23 үйге орнатылған жылу тартқышты өшірсек, су қатады деген қауіп бар. Сондықтан комиссия шешімімен орнатылған.
«Макинск жылу» кәсіпорны алдағы уақытта «Макинск құс фабрикасының» сенімді басқаруына берілмек. Жаңа басшылық жылуға қатысты келеңсіздіктерді жою үшін тексеру жұмыстарын жүргізуді көздеп отыр.
Ермек ЕЛБЕРГЕН