Қостанайдың жанындағы Қонай ауылы қалаға қосылып, жаңа ықшам ауданға айналады. Мұнда 2021 жылға дейін 300 мың шаршы метр баспананы қолданысқа беру жоспарланған. Қазір аумақта инженерлік желілерді тарту жұмыстары қызу жүріп жатыр. Соның ішінде су және газ құбырлары орнатылып бітті.
Келесі жылы мұнда үлкен қазандық бой көтереді. Жылу және кәріз желісі тартылады. 500 гектар жерде 30 бесқабатты баспана тұрғызу жоспарланған. Әлеуметтік нысандар, соның ішінде екі мектеп пен үш балабақша салынады. Дегенмен жаңа шағын ауданда жер үйлердің құрылысына басымдық беріледі.
Әнуарбек Қасымов, Қостанай қаласы әкімінің орынбасары:
«Нұрлы жер» бағдарламасы тұрғын үй салу үшін жер кезегінде тұрғандарды да қамтиды. Ал мұнда 2092 учаске жеке үйлердің құрылысына берілгелі отыр. Демек осының арқасында жер кезегінде тұрған адамдар саны да біршама азаяды.
Дәуренбек Әбдібек