Қарағанды облысында жыл басынан бері пешті дұрыс пайдаланбаудың салдарынан 5 адам көмір қышқыл газынан уланып өлген. Олардың екеуі - балалар. Тағы 13 адам осы пештен болған қатерден жарақат алған. Төтенше жағдай қызметкерлері мұндай қайғылы жағдайларды болдырмау үшін алдын алу жұмыстарын күшейтіп, улы газдан сақтандыратын дабыл құрылғыларын тегін таратуда.
Өткен ғасырдың ортасында салынған бұл ескі үйге дабыл құрылғысы әбден керек. Баспана пешпен жылытылады. Оның құдықтары әбден тозғандықтан, кірпіштері ішке құлап жатыр. Салдарынан пештің көмейі бітеліп қалған кездер сан мәрте болыпты. Отанасы Светлана күнұзақ жұмыста жүріп үйдегі 4 балаға алаңдаумен болады. Ал күйеуі ауруханада жатыр.
Светлана Попова, қала тұрғыны:
Қыста мына пештің көмейі 4-5 мәрте бітеліп қалады. Құдықтары тым ескірген. 1947 жылы салынған ескі үй ғой. Улы газдан сақтандыратын дабыл құрылғысын тегін орнатып бергеніне қатты қуанып тұрмын. Қауіпсіздігіміз үшін өте қажет еді. Мұны сатып алатындай менде ақша жоқ. Табысымыз күнкөрістен аспайды.
Төтенше жайғдай қызметкерлері өңірдегі әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы отбасыларға және мүгедек жандары бар жанұяларға осындай дабыл құрылғыларын тегін орнатуда. Осы бір айдың өзінде 300 үйді қамту көзделген. Бұл игілікті жұмыстарды жүзеге асыру үшін мемлекеттік емес ұйымдар мен кәсіпкерлер демеушілік көрсеткен. «Мақсат - газдан улану және өрт жағдайларының алдын алу»,-дейді ТЖ қызметкерлері.
Біржан Кәрімов, облыстық ТЖД басшысының орынбасары:
1169 түтін және газдан сақтау құрылғылары орнатылды. Сонымен қатар 52 үйде түтін құбырлары тазартылып, 12 үйде жылу және электрмен жабдықтау жүйесіне жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Қыркүйек айынан бері өңірде жеке тұрғын үй секторларында пешті орнату және пайдалану ережелерінің сақталмауынан 21 өрт оқиғасы болған. Ал жалпы тұрлі себептермен 206 өрт жағдайы тіркеліп, 5 адам көз жұмған. Сондықтан төтенше жағдай қызметкерлері қауіптің алдын алу, халықты ақпараттандыру, дабыл құрылғыларын орнату шараларын күшейте түспек.
Руслан Нұрланұлы