Елбасы Түркістан қаласындағы құрылысы аяқталған бірқатар нысанды аралады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы Түркістан қаласындағы құрылысы аяқталған бірқатар нысанды аралады

05.11.2019

Тарихтың терең қатпарында қалып қойған Түркістан дамудың жаңа дәуіріне аяқ басты. Шежірелі шаһарда ондаған ғимарат жаңадан бой көтерді. Бүгін Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев қалада құрылысы аяқталған бірқатар нысанды аралады. Жалпы Түркістанды дамытудың алғашқы кезеңінде 175 нысан салынуы тиіс. Оның 70 пайызы биыл іске қосылмақ.

Неке сарайы. Түркістан қаласында бұрын-соңды болмаған ғимарат. Осыған дейін отбасын құрғандар Әділет басқармасының бөлмесінде некелерін қиып келген. Енді жас жұбайларға арнап сәулеті мен келбеті келіскен ғимарат арнайы ашылды. Бұл Қостанай өңірінің сыйы. Жылына 4 мың жұпты қабылдауға дайын.

Мұнда жергілікті жұрт үшін қолайлы жағдай жасауға басымдық берілген. Сол себептен де құрылысы бірінші аяқталған нысандардың бәрі әлеуметтің әлеуетін көтеруге арналған. Халыққа қызмет көрсету орталығы қысқа уақытта салынды. Осыған дейін қызмет түрлері қаланың әр жерінде көрсетіліп келсе, енді оның бәрін бір жерден алуға болады. Ғимарат соңғы технологиямен жабдықталған.

Қасиетті шаһарды дамытуға барлық өңір мен ұлттық компаниялар және бизнес өкілдері ат салысуда. Айталық, Батыс Қазақстан киелі мекенге музыкалық мектептің ғимаратын тарту етті.

Бақытжан Әшірбеков, Түркістан облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жетекшісі:

Кезіндегі Абылай хан бабаларымыздың, Қазыбек би бабаларымыздың дәуірінен кейін осы Түркістан қаласының дамуына үлкен мағыналы көңіл бөлінбеген. Енді осы біздің халықаралық танылған бренд ретінде Түркістан қаласы бүгінгі таңда жаңадан түлеп келеді. Биылғы облыстағы жүргізілген құрылыстардың сапасы, көлемі мұндай көлемде, ондай қаржы құйылмаған. Бұл қаланың тұрғындары ежелгі өзінің атағына, өзінің даңқына сай бір өнегелі қала тұрғындары болады деп есептеймін.

Ел тарихындағы екінші медиаорталық Түркістанда бой көтерді. Ақпарат таратуға тиімді медиаресурс жасалған. Ғимарат ерекше технологиямен салынған. Қасбеті күн жылуын 70 пайызға дейін өткізбейді. Ал шыны материалдары энергияны үнемдеуге негізделген. Яғни қыс мезгілінде ғимараттың ішінде жылу сақталады, жазда қоңыр салқын.

Жалпы, Түркістанды дамытудың алғашқы кезеңінде 175 нысан салынуы тиіс. Оның 70 пайызы биыл іске қосылады. Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Түркі әлемінің рухани-мәдени орталығына айналдыру ісіне үлес қосып жатқандар аз емес. Әкімшілік-іскерлік орталықтың аумағында Түркістан облысы әкімдігі де орналасқан. Құрылысы аяқталған ғимараттарды аралап шыққан Елбасы бір жылда атқарылған жұмыстарға оң баға берді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы:

Барлық жобасы 500 миллиард теңгеге салынатын болады. Қазір аралап шыққан өзінде керемет. Көріп тұрсыздар, дала қанша ғимарат салынып жатыр. Екі миллион халқы бар Түркістан қаласында. Қазір олар кетпей, елге жиналып жатыр. Еліміз тағы да бір үлкен шаһарға байиды деген сөз. Көріп шығып риза болдым. Бір жылдың ішінде көп жұмыс жасалған. Ендігі жылы көрші елдердің басшыларын Қырғызстан, Өзбекстан басшыларын осы жерге шақырайық деп отырмыз.

Қаланың басты құндылығы оның өткен тарихы. Түркістан осы қағидаға сүйеніп түрленуде.

Асима Нұрбайқызы, тілші:

Ұлы жібек жолы бойындағы көне шаһарда заманауи әуежайдың құрылысы басталды. Автокөлік жолдары, теміржол дәлізіне де ден қойылып жатыр. Өңірдегі күрделі проблема - cу мәселесі де түбегейлі шешілмек. Осылайша, Түркі әлемінің рухани мәдени орталығы жақын жылда бұдан да гүлдеп, өркендейді.

Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ,


Хабарламаларға жазылу