Теміртау қаласындағы бірнеше мектепте жөндеу жұмыстары әлі жүріп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Теміртау қаласындағы бірнеше мектепте жөндеу жұмыстары әлі жүріп жатыр

01.11.2019

Оқу жылының 2-ші тоқсаны басталуға жақын болса да, Теміртау қаласындағы мектептерде жөндеу жұмыстары әлі жүріп жатыр. Қаладағы №17 білім ордасындағы жылу жүйесін жөндеу жұмыстары күні кеше ғана аяқталды. Бұдан бөлек қазір үш бірдей мектепте құрылыс жалғасуда. Кестеден кешігуге басты себеп — мердігерлердің тендер үшін текетіресі мен жауапсыздығы болып отыр.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

Теміртаудағы екі бірдей мектептің жөндеу жұмыстары үшін тендерді ұтып алған мердігерлік компанияның жауапсыздығынан шаруа әлі аяқталмаған. Мәселен, мына мектептің шатыры жаңаланғанмен, спорт залындағы жөндеу жұмыстары бітпеген. Қарашаның қара суығы түсті, ал балаларға денешынықтыру сабағын өткізетін жер жоқ.

№16 мектепте жөндеу жұмыстары 31 шілдеге дейін аяқталуы тиіс еді. Алайда спорт залындағы құрылыс 80 пайызға ғана орындалған. Ал кіреберіс дәліздің еденін жаңалау, қосымша оқу корпусын жөндеу сынды шаруалар тіпті жайына қалған.

Валентина Голубева, №16 мектептің директоры:

Тек шатырды 100 пайызға жөндеп берді. Міне, спорт залы бітуге жақын. Ал қалған жұмыстар сол күйінде тұр. Мердігерді сотқа бердік. Себебі әне-міне деп құрғақ уәдесімен созбалақтап жүргеніне үш ай өтті.

Ал бұл сол шымкенттік фирманың тендерден ұтып алған тағы бір жұмысы. Келісім шарт бойынша №24 мектепте әжетханаларды жөндеуі тиіс. Мұнда да жұмыс аяқсыз қалған. Мердігерлік компания басшысы «бұл екі мектеп бойынша кестеден қалған жұмыстарды жақын арада аяқтаймыз» деп уәдесін үйіп-төгуде.

Берік Созаханов, мердігер:

Алдыңғы қасымыздағы жұмыскерлеріміз дұрыс шаруа жасамай сәл кешіккенбіз уақытынан. Енді қазір 80 пайызы аяқталды жұмыстың. Қалған жұмыстарды қарашаның 15-і күндері шамасында бітіріп береміз деп жоспарлап отырмыз.

Қалалық білім бөлімі мердігерді сотқа берген. Қалған жөндеу жұмыстары сабаққа кедергі болатындықтан келесі жылға шегерілуі мүмкін. Яғни игерілмеген бюджет қаражатын кері қайтарады. «Дегенмен оны алдағы жылы қайта сұрап қол жаюға тура келеді»,-дейді қалылық білім бөлімінің мамандары.

Халипа Жәудінова, Теміртау қаласы білім бөлімі басшысының орынбасары:

Жауапкершілігін дұрыс атқармағандықтан бізді осындай қиыншылыққа әкеп соқты. Бұл жерде мердігер компанияның кінәсы. Қазір енді сот шешімін күтіп отырмыз. Сот шешімі болғаннан кейін қалған жұмыстарды бұл мердігермен арадағы міндетті түрде тоқтатамыз.

Биыл мамыр айынан бастап қаладағы қыздар гимназиясына күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған еді. Ол үшін бюджеттен 216 миллион теңге бөлінген. Мердігерді анықтау үшін сот талқылауының ұзаққа созылуына байланысты жұмыс тек қыркүйектің 18-де басталған. Желтоқсан айының 18-не дейін барлық жұмыстар аяқталуы керек. Ал әзірге мұнда оқитын 500-ге жуық оқушылар маңайдағы №1 гимназияда білім алуда. Ол үшін қала мен білім бөлімінің басшылығы ата-аналармен кездесу өткізіп, келісімдерін алған.

Ерік Абдихашев, Теміртау қаласы білім бөлімінің шаруашылық басшысы:

Тендерде ұтылып қалған фирма сотқа беріп жазғы уақыт өтіп кетті. Тек тамыз айында кімнің құрылыс жүргізілетіні белгілі болған соң, біз қоғамдық кездесулер өткіздік. Бұл өткен ғасырдың 60-шы жылдары салынған ескі мектеп. Жөндеуді қажет ететіндіктен ата-аналар біздің ұсынысымызға түсінушілікпен қарады.

Құрылыс жүріп жатқан мектептерде жұмыс сапасына авторлық және техникалық бақылау қойылған. «Жұмыстар сабақ уақытында кедергі келтірмеуін жіті назарда ұстап отырмыз»,-дейді білім бөлімінің мамандары.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу