Маңғыстауда 16 отбасының 80- ге жуық мүшесі бірнеше жылдан бері 1 мекен жайда тіркеуде тұрған. Соның зардабын олар енді тартып жатыр. Барлығы да жыл басынан бері атаулы әлеуметтік көмекке құжат тапсыра алмай сенделіп жүр. Ал кейбірі биыл туған баласын тұрғылықты мекен-жайға тіркей алмай отыр. Шенеуніктердің жауапсыздығынан тығырыққа тірелген тұрғындармен сол өңірдегі тілші кездесіп қайтты.
Түпқараған ауданы Форт Шевченко қаласы. Қаз-қатар салынған тұрғын үйлер 2014-жылы мемлекеттік бағдарламамен баспанасы жоқ жанұялар жалға берілген болатын. Үйлі болғандардың қатарында Ақмұрат Сабуридің де отбасы бар. 5 бала тәрбиелеп отырған ата-ана атаулы әлеуметтік көмектен құр қалған.
Сомае Адай, Форт-Шевченко қаласының тұрғыны:
4 балама 4 ай болып жатыр. Тіркей алмай отырмыз. Жұрттардың несиесі жабылып жатыр, көмек алып жатыр АСП деген. Соның бәрін ала алмай отырмыз, тіркеуде жоқ болған соң кішкентайымыз.
Ақмұрат Сабури, Форт-Шевченко қаласының тұрғыны:
Өзім де жұмыссыздыққа тапсыра алмай жүрмін. Осы жылдың басынан бұрын документтері бар еді үйдің. «Қазір құжаты жоқ» дейді.
2 пәтерлі 8 үйде шамамен 80 адам тұрады. Бұл отбасылардың мәселесі жыл басында басталған. Олар да ел қатарлы табысын есептеп, әлеуметтік көмек алудан үміттенді. Бірақ мәліметтер базасынан өздері туралы ақпарат таппай сергелдеңге түсті.
Кәмшат Құлдашева, Форт-Шевченко қаласының тұрғыны:
Біз АСП ала алмай жүрміз. АСП алайық десек базада жоқпыз. Базаға тіркейін десе үйдің құжаттары жоқ болып шықты. Соның бәрін қайтадан әне істейміз, міне, істейміз деп келе жатыр.
Жергілікті әкімдік аталған баспаналардың құжатында шикілік барын мойындады. Кезінде 8 үйге 1 ғана құжат әзірленген екен.
Бексұлтан Шалабаев, Түпқараған аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:
Бұл үйдің қазіргі таңда тех паспорты мен техникалық құжаты мен гос актісі жердің төл құжаты бірігіп шыққан. Бірігіп шыққаннан кейін оны базаға тіркеу қиын болып отыр тұрғындарды проектімен беріліп, солай қабылданып қалған. Біз қазір соны заңдастырып жатырмыз.
Қазір мамандар әр үйді 2 пәтерге бөліп, қайта құжат жасап жатыр. Дайын болғанда отбасы мүшелерін өз баспаналарына тіркейді. Ал бұл жұмыстарға бюджеттен 3 миллионға жуық қаржы бөлінген.
Аягөз ОРАЛБАЙҚЫЗЫ