Алматы облысының ТЖД мамандары жеке үйлердегі пештерді тексерді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысының ТЖД мамандары жеке үйлердегі пештерді тексерді

31.10.2019

Алматы облысында былтырғы жылыту маусымында мыңнан астам өрт оқиғасы тіркеліп, 14 адамды ажал құшты. Ал 21 адам иіс тиіп мерт болған. Қайғылы жағдайдың басым бөлігі жеке тұрғын үй секторында тіркелген. Төтенше жағдай департаментінің мамандары биылғы маусымда мұндай оқиғалардың санын азайту мақсатында кешенді жоспар құрып, іске кірісті. Үй-үйді аралап пештердің ақауын тексеріп, дабыл құрылғыларын орнатуда. 

Талдықорған қаласында 170 мыңдай халық тұрып жатыр десек, осы 170 мыңның 30 мыңы саяжайды паналаған. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылары мен қоғамның әлжуаз топтары да осында. Үйтас саяжайында төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері көше-көшені аралап, пештерінің жағдайын тексеріп, кейбір үйлерге дабыл қондырғыларын орнатуда. Жыл басынан шаһарда 120-дан астам өрт тіркелген. 7 адам иіс тиіп мерт болған. 

Қанат Алтынбеков, қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының басшысы:

Улы газды анықтау қондырғылары сатып алынып, 436-сы орнатылды. Көмекті қажет ететін тұрғындар анықталып, үйлерінде пештің мұржасын тазалау түрінде адрестік көмек көрсетілуде. 

Бұл жолғы рейдтік шараларға учаскелік полицейлер мен ерікті жастар да қосылды. Саяжайдағы тұрғындардың әлеуметтік жағдайынан көбіне инспекторлар құлағдар. Ал еріктілер жалғызбасты қариялардың пештерін жөндеп, ақауларын бітеп, мұржаларын тазалап, көмек көрсетуде. 

Галина Матузлик, саяжай тұрғыны:

Көбі пештегі жылуды сақтау үшін пештің көмейін жауып тастайды. Сондықтан иіс тиеді. Ал біздің пеш ондай емес. Сақтансаң сақтайды. Пешімді таза ұстауға тырысамын. 

Өрт сөндірушілер жылыту маусымы аяқталғанша осылай төтенше жағдайдың алдын алуға тырысып бағады. «Бұл жерде тұрғындардың да өз өміріне деген жауапкершілігі де болу керек», - дейді сала мамандары. 

Қуаныш Қанатұлы

Хабарламаларға жазылу