Ақтаулық хоккейшілерге заманауи мұз айдыны қажет. Өйткені 70- тен астам спортшы хоккейге арналмаған, тар сырғанақта жаттығуға мәжбүр. Оның өзі сауда орталығында орналасқан. Жалға алу құны шарықтап тұр. Осылай деп шағымданған ата-аналар 2018 жылы басталуы тиіс болған дайын мұз айдынының жобасын жүзеге асыруды талап етті.
Былтыр Ақтауда чех инвесторларының көмегімен заманауи мұз сарайы салынуы тиіс болатын. Алайда жоба басталмай жатып, тоқтап қалды. Жобаға қатысушылардың үстінен сыбайлас жемқорлық фактісі бойынша іс қозғалып, сот отырыстары шамамен 1 жылға жалғасты.
Абай Ахметкерейев, Ақтау қаласының тұрғыны:
Мұз сарайы жобасына қатысты келеңсіз жағдай бізді қатты ренжітті. Балаларымыз заманауи кешенде, жайлы жерде жаттығады деп үміттенгенбіз. Шынында, хоккей- қымбат спорт. Хоккейшінің киімі мен басқа да керек-жарақтары шамамен 300 мың теңге тұрады. ал жаттығу үшін ай сайын 40 мың теңге төлейміз.
Рашид Байдельдинов, әуесқой хоккейші:
Ардагер хоккейшілер тек сенбі күні таңғы 7-де жаттығамыз. Басқа күндері түн жарымда баруға тура келеді. Негізі мұз айдынында ауа температурасы 8,10 градус болуы тиіс, ал біз ауыр киіммен 26 градус ыстықта жаттығуға мәжбүрміз.
Ақтаулық хоккейшілер сауда орталығында жаттығады. Бізге мұз айдынын түсіруге рұқсат берілмеді. Жаттықтырушы Владимир Маршиннің айтуынша, қоғамдық орында спортпен айналысу оңай емес. Әрі, қымбатқа түседі. Бір сағаты – 3 мың жарым теңге. Айына 8 немесе 12 сағаттан қатысатын топтар бар. Сондықтан қалтасы қалың ата-ананың баласы ғана тұрақтайды.
Владимир Маршин, Маңғыстау облыстық хоккей ассоциациясының төрағасы:
Алаң әйнекпен қоршалмаған. Тұрғындарға зиян тигізбеу үшін, әр жаттығудың алдында алаңды тормен қоршап аламыз. Киім ауыстыратын жерде жуынатын жер, дәретхана атымен жоқ. Спортшылар үйлеріне барып шомылады.
Ата-аналар аталған жобаға қатысты инвестор мен спорт басқармасы арасындағы даудың әлі де аяқталмағанын алға тартты. Ал басқарама басшысы екі жақты бейбіт келісімнің жасалғанын мәлімдеді.
Қанат Жұмабаев, Маңғыстау облыстық спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
Бұрынғы АШ+АШ техника мекемесін шақырып, келіссөздер жүргізілді. Біз қазіргі таңда қосымша келісімшартқа отырып, бұл мекеме құжаттарын, кестесін, жұмыс жоспарын жіберсе, біз жұмысымызды осы жылдың соңында бастағамыз келіп отыр.
«Жоба жүзеге асқанда балалар хоккейге тегін қатысады»,- дейді, басқарма басшысы. Мемлекеттік жекеменшік әріптестік арқылы бой көтеретін құрылыс 18 айда аяқталуы тиіс.
Аягөз ОРАЛБАЙҚЫЗЫ