Енді елімізде бизнес идеясын іске асырғысы келетін жастар шетелдің венчурлық қорларынан да қолдау таба алады. Бүгін «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингіне қарасты QazTech Ventures компанисы мен Сингапурдың жетекші Quest Ventures қоры және Тайланд ұлттық инновациялық агенттігі өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, дарынды жастардың стартаптарын бірігіп іске асыруға келісті.
Елімізде дарынды жастардың түрлі стартап жобалары жетерлік. Бірақ бизнес идеясын бірден іске асырып, аяққа тұрып кету үшін қаржылай қолдау жетіспейді. Өйткені венчурлық инвестициямен айналысатын кәсіпкерлер аз. Мәліметтерге қарасақ, мұндай «бизнес періштелердің» тарапынан небары 20-ға жуық жоба қолдау тапқан.
Әділ Нұрғожин, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарушы директоры:
Қазақстандық стартаптарға шетелден инвестиция тарту мәселесі тұр. Астана ХАБ, МФЦА бар бізде. Стартаптар шығып жатыр. Бар. Қолынан келетін қыз-жігіттер бар. Олар жұмысын істеп жатыр. Дегенмен ақша жеткіліксіз. Мәселен, кәсіби мамандандырылған қорлардан ақша келіп жатқан жоқ.
Сондықтан «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі бизнес жоспарларды қолдаумен айналысатын Сингапурлық Quest Ventures қорымен және Тайланд ұлттық инновациялық агенттігімен меморандумға отырып, талантты қыз-жігіттерді бірігіп қолдауға келісті.
Енді жастардың мүмкіндігі арта түсетіні сөзсіз. Өйткені олар үшін Сингапур мен Тайландтың нарығы да ашық. Қызықты стартаптары болса, ондағы қорлар қаржы құйып, қолдауға дайын.
Джефри Сеа, «Quest ventures» қорының өкілі:
Менің ойымша, сіздерде қызықты стартаптар жетерлік. Өйткені елдеріңізде осы бағытта ауқымды жұмыстар жүріп жатыр. Біз Қазақстанды Орталық Азия нарығының қақпасы ретінде көреміз. Сондықтан қашан да бірлесіп жұмыс істеуге әзірміз.
Сондай-ақ шара аясында жаһандық технологиялық тенденциялар мен бизнес-инкубация жүйесін дамыту мәселесі қаралып, сұраныстағы стартаптар сөз болды. Мамандардың айтуынша, қазір электронды сауда-саттық пен өзге де қызықты ұялы қосымшаларға деген қызығушылық жоғары.
Досжан МАРАТҰЛЫ