Шығыс Қазақстандағы Ахметбұлақ ауылында қасқырлар малды қынадай қырып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстандағы Ахметбұлақ ауылында қасқырлар малды қынадай қырып жатыр

22.10.2019

Шығыс Қазақстандағы Ахметбұлақ ауылында бір айдан бері қасқырлар қорадағы қойға шауып, жергілікті жұртты үрей биледі. Түз тағысы, тіпті бір үйдің 50-70 бас малын бір сәтте жарып кеткен. Ал халық жыртқыштан қорғануға дәрменсіз. Өйткені дәл шекарада орналасқан елді мекенде мылтық ұстап, оқ атуға тыйым салынған. Тұрғындар енді ауыл ішіне емін-еркін кіріп жүрген қасқырлар, қорадағы малды қойып, адамға шаба ма деп шошып отыр.  

Ержан Жақып, тілші:

Қасқыр түскен қоралардың бірі — осы. Мұнда 70 бастан астам қой қамауда тұрған. Түн ішінде терезеден түскен түз тағысы малды түгел қырып кеткен. Қазір қора қаңырап бос қалды.

Ең үлкен шығынға батқандардың бірі — Назар Садуақасов. «Қасқырдың бұлайша ауыл ішіне кіріп, малды қынадай қыруы бұрын-соңды болмаған»,- дейді ол.

Назар Садуақасов, Ахметбұлақ ауылының тұрғыны:

Күн салқын болғаннан кейін есікті жаптым. Терезелер ашық болған. Таңертең келсем қасқыр жайратып тастаған. Жайрап жатыр қораның іші түгел. Қалған қойлар бұрышта тұр. Қасқыр енді басынғандығы сондай ауылдың ішінде жүр, міне.

Біржан Дүтбаевтың да 50 бас қойын қасқыр бір түнде қырып салған. Әбден ашкөзденген тағылар, адамнан мүлдем сескенбейтін көрінеді. Қазір малшылар жыртқыштардан қалай құтыларын білмей отыр.

Біржан Дүтбаев, Ахметбұлақ ауылының тұрғыны:

Қорадан қасқыр қойды үркітіп шығады ғой. Сонан артынан інім қуады. Мотоциклмен қуса, фарын түсіріп тұрса, үш-төрт қасқыр қоршап алған. Қашпайды.

Ахметбұлақ — шығыс өңірдегі ең алыс жатқан шекаралық ауыл. Дәл іргесінен шекара торы өтеді. «Қасқыр осы бөгеттің астынан асып келеді»,-дейді халық. Ит-құс малды жайратып кетіп жатса да, шекара мамандары оларға қарсы оқ атуға тыйым салып отыр.

Дәуітбек Ниязбеков, ауыл әкімі:

Бізге айтқаны, оны атуға болмайды. Ешқандай рұқсат жоқ. «Адамға шабуыл жасап жаралағанда ғана атуға болады»,- дейді. Бұны түсінбедік енді. Бізге рұқсат бере ме деген өзіміздің ойымызыз. Сол үшін хат жолданды. Ол қалай болады әр жағын білмейміз.

Ауыл тұрғындары аудан, облыс басшыларына осы мәселеге жедел түрде назар аударып, амалын тауып қасқырдан қорғауды сұрап хат жазған. Әзірге ешқандай жауап жоқ. Ал күн өткен сайын қауіп күшейіп барады. Өйткені түн баласы тағылар ауыл ішіне емін-еркін кіретін болған.

Иіс Сармолдина, Ахметбұлақ ауылының тұрғыны:

Бала-шаға үшін қорқамыз. Жетектеп алып барып, жетектеп алып қайтпасақ қорқамыз...

Жанымхан Нуралин, мектеп директоры:

Мектеп оқушылары екінші ауысымнан қайтқанда біз ұйымдастырып, ата-аналарды шақырып кешке жақын балларын өздері ертіп үйлеріне апарып жүр. Адамға, балаларға шаба ма деп өзім қауіптенемін.

Қасқыр өрісте жеп кеткен ірі қараны қоспағанада, бір айда 200 бас ұсақ малды қорадан қырған. «Малым жанымның садақасы»- деп өзіндерін жұбатқанмен, түз тағысы адамға шабуыл жасай ма деп халық үрей құшағында отыр.

Ержан ЖАҚЫП


Хабарламаларға жазылу