Талдықорғанда 600 қазақ батырының жоңғардың 50 мың қолына тойтарыс берген тарихи оқиғасы сахналанды. Тарих беттерінде Орбұлақ шайқасы деп жазылған ұрыс Елбасының «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары аясында ұсынылып отыр. Ашық алаңда қойылымға мыңға жуық адам, 150-дей салт аттылар қатысты.
Жоңғар шапқыншылығының алғашқы кезеңі қазақ даласына ауыр тиді. Жау ананы да, баланы да аямады. Батыр қоңтайшы бастаған 50 мың әскер қазақ даласын басып алмақ ниетпен шекара асқанда алдарынан 600 жауынгер күтіп алады. Жәңгір хан өзіндік әскери тактика ойластырып, түрлі айла әдістер қолданады. Екі таудың ортасындағы сайда орға жығып, қалың жебенің астына алып, керек болса, сасықтеке шөбінің түтініне улап жаудың сағын сындырады.
Самарқаннан Жалаңтөс бастаған 20 мыңдық әскер жеткенше қазақ батырлары осылайша жауды тежеп қана қоймай, 10 мыңдай жауынгерін жер жастандырады. Көмекке келген қол жоңғарлардың жеңіліске ұшырап, кері шегінуіне мәжбүрлейді.
Шытырманға толы тарихи шайқастан көрермен бір сәтте сол заманға ауып кеткендей әсер алды. Кәсіби актерлар мен каскадерлар да оқиғаны шынайы етуге барын салды. Талай тарихи тұлғаларды сомдап жүрген Болат Әбділманов қойылым ұрпақты патриоттық бағытта тәрбиелеуге септігін тигізеді деген баға берді.
Болат Әбділманов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:
Бүкіл халық сондай бір керемет тебіреніс үстінде толқып тұр. Бұл нәрсе бізге, кейінгі ұрпаққа, қазіргі жастарға, кішкене мынау өліп қалған етімізді, жүргемізді, жанымызды тірілтуге, ұлтын сүюде, елін-жерін сүюде, адамның патриоттық сезімін оятуда үлкен бір ісшара болды.
Жергілікті билік Орбұлақ шайқасын осымен екінші рет қалың жұрт назарына ұсынып отыр. Басты мақсат — қазақ батырларының ерлігін дәріптеп, жастардың ой-өрісін кеңейтіп, рухани қуаттандыру. Қазақ хандығы құрылған Жетісу жерінде мұндай шайқастардың көптеп орын алғанына тарих беттері куә.
Амандық Баталов, Алматы облысының әкімі:
Кезінде бізді үйреткен 300 спартандықтар перс армиясын ұстап тұрған. Біз өзімізде Томирисіміздің барын дұрыс білген жоқпыз. Біздің Орбұлақтағы болған, Аңырақайда болған соғыстарды есімізге алып қазір тарихқа кіргізіп, жастарға айтып жатырмыз. Ешқашан оны ұмытпау керек.
Тарихи инсталяцияда 2 мың келі бауырсақ пісіріліп, халыққа бал қымызымен тегін таратылды. Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап жүрген қолөнер шберлерінің көрмесі ұйымдастырылып, қазақ күресінен, садақ атудан сайыстар ұйымдастырылды.
Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ