«Qazaqstan» ұлттық арнасының тапсырысымен «Орбұлақ шайқасы» атты телехикая түсіріліп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Qazaqstan» ұлттық арнасының тапсырысымен «Орбұлақ шайқасы» атты телехикая түсіріліп жатыр

29.07.2019

Есімдері елге етене таныс актерлар көрермендерді 16 ғасырға жетелейді. Бұл Qazaqstan ұлттық арнасының тапсырысымен түсіріліп жатқан «Орбұлақ шайқасы» атты телехикая. 8 бөлімді сериалда 600 қазақ сарбазының жоңғарлардың жер қайысқан қалың қолына қарсы кескілескен ұрысы суреттеледі.

Құндыз жағалы шапан киіп, күміс белдік таққан актер — Бауыржан Қаптағай. Оның сомдайтын рөлі —Жиембет жырау.

Ел тағдыры сынған түскен жаугершілік заманда ержүрек жыраулар мен билер де батырлармен бірге атқа қонған. Олар мемлекет іргесінің беріктігі, ұрпақтың азаттығы жолында аянбай шайқасқан.

 

Бауыржан Қаптағай, актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

Міндетті түрде соғыс болған жерде саясаткерлер де, ақын-жыраулар да болады. Себебі сол кездегі сарбаздардың рухын көтеру үшін. Соғысқа дайындау үшін. Сарбаздардың алдында оларға рух беретін бір азаматтар болады. Солар мынау ақын-жыраулар.

 

Дархан далада бейбіт ғұмыр кешкен қазақты қанап, қойша қырған жоңғарларға қарсы ең нәтижелі соғыс осы болған. Сондықтан Орбұлақ шайқасының тарихи маңызы зор. Ал мұндай сериалға түсу — әр актердың арманы.

 

Қуаныш Құдайберген, актер:

Бір ерекшелігі — махаббат линиясында. Менің образым керемет ашылған. Оның ішінде Жәңгір сұлтанның қарындасы Күнайымға ғашық боламын. Сол екеуіміздің арамыздағы махаббат арқылы осы фильм байланыста болып отыр.

 

Жәнел Серғазина, актриса:

Мен өзім осыған дейін армандап жүргенмін. Және осы жобаға шақырған кезде өте қуанғанмын. Себебі өз-өзіңді сынайсың. Өз-өзіңді басқа қырыңнан ашуға мүмкіндік болады.

 

Телехикаяның географиялық ауқымы кең, реквизиті де түгел. Қазақтың көрікті табиғаты ерекше суреттеледі. Түсірілім тобы Алматы мен Жамбыл облысындағы тау-тастардың ішінде жүріп, сол кезеңді айна-қатесіз беру үшін барынша күш жұмсап жатыр. Сондықтан бабалар рухына тағзым ретінде түсіріліп жатқан телетоптама осы күзде көрермендерге жол тартады.

 

Алмат ӘБДІРАМАН

 

 

Хабарламаларға жазылу