Атырауда зар заман ақыны Мұрат Мөңкеұлы мен қазақтан шыққан тұңғыш бард ақын Табылды Досымовқа ескерткіш орнатылды. Мұрат жыраудың еңселі ескерткіші тұғырымен есептегенде 7 метр. Біртуар тұлға елінің тәуелсіздігін аңсап бодандыққа қарсы тұрған. Махамбет, Шалкиіз, Қазтуған шығармаларын жеткізушілердің бірі болған. Ал, бірегей дарын иесі Табылды Досымовқа арналған туындының биіктігі 3 метрге жуықтайды. Гитараны жыраулық дәстүрмен ұштастырған толағай дарынның өнері әлемге мәлім. Оның орындауындағы «Биіктік», «Ұнатамын мен сені», «Сәйгүлік» атты әндері талғампаз көрерменді тәнті етуде.
Абыл Табылдыұлы, Т.Досымовтың ұлы, өнерін жалғастырушы:
Әкем 9 жылдан кейін өзінің туған жеріне, туған ауылына, Дендерге қайтып оралды. Осындай елі барда әкемнің ешқашан өнері жоғалмайтынына қуаныштымын.
Мереке Құлкенов, жазушы:
Махамбет жатқан жер. Мұрат жатқан жер. Сол қасиетті жерге келіп мына ескерткіштің тұра қалғаны, қазіргі біздің қазақ деген халықтың еңсесін тағы бір рет көтеріп жіберді ғой деп ойлаймын.
Жандос ТЕМІРҒАЛИ