Әр елді мекендегі жол, су және қызмет көрсететін мекемелердің сапасы қалалық деңгейге жеткізіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әр елді мекендегі жол, су және қызмет көрсететін мекемелердің сапасы қалалық деңгейге жеткізіледі

17.10.2019

Ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайы ондағы инфрақұрылым сапасымен өлшенеді. Сондықтан әрбір елді мекендегі жол, су және қызмет көрсететін мекемелердің сапасын қалалық деңгейге жеткізу керек. Ол үшін әрбір сала бойынша жасалған жоба мен қабылданған бағдарламаның нәтижесін ауыл халқы көруі тиіс. Бұл тақырып Шығыс Қазақстан облысының Көкпекті ауданында өткен дөңгелек үстел барысында талқыланды. Жиынға Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Ерлан Саиров қатысты.

Ауылда кәсіп ашамын деген азаматтарға мемлекет тарапынан әрдайым қолдау бар. Сондай мүмкіндікті пайдаланып, қаржылай грантка ие болған жандардың бірі — Жұлдыз Кәрібаева. Ол аудан орталығында шағын дәмхана ашып, бүгінде бизнесін дөңгелетіп отыр.

Жұлдыз Кәрібаева, көпбалалы ана:

Көпбалалы ана ретінде 505 мың теңге көлемінде грант алғаным маған көп қолдау болды. Ол ақшаға ас бөлмеге қажетті бірнеше құрал-жабдық сатып алдым. Бұл менің бизнесімнің дамуына жақсы әсер ететіні сөзсіз.

Ауыл – ел бесігі. Ауылдың өркендеуі бүкіл елдің дамуы. Қазір үкіметтен бастап әрбір аймақта өз ауылдарын дамытудың түрлі бағдарламасы бар. Бірақ оның орындалу нәтижесі шамалы. Әсіресе шекараның шебіндегі ауылдарда шешімін күткен мәселе көп.

Ерлан Саиров, ҚР Президенті жанындағы ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:

Бүгінгі таңда халықтың 42 пайызы ауылдарда тұрады. Сондықтан ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту, ауылдардың мәдени деңгейін басқа сапалы деңгейге көтеру бүгінгі таңда Қазақстандағы адам капиталын дамытудың ең басты бағыттарының бірі.

Көкпекті ауылында өткен жиынға аудандағы қоғамдық ұйым өкілдері, кәсіпкерлер және қарапайым ауыл тұрғындары қатысты. Кездесуде Президенттің биылғы Жолдауда жүктеген міндеттерін орындау жолдары талқыланды.

Дархан Бердібек, көкпекті ауылының тұрғыны:

Халықты еститін, тыңдайтын мемлекетті құрудың алғашқы жолы – тұрғындармен осылай кездесу өткізу, пікірін білу, мұң-мұқтажына құлақ түру. Өте келелі, берері мол кездесу болды деп ойлаймын.

Бүгінде тек Шығыс Қазақстан облысында жұпыны күйге түскен 50-ге жуық ауыл бар. Оларды қайта дамытып, тіршілігіне серпін беру үшін биыл облыстық бюджеттен 1 миллиард теңге бөлінген.

Берік КӨШЕРБАЙ


Хабарламаларға жазылу