Алматыда көпір құрылысшылары жалақысын талап етті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда көпір құрылысшылары жалақысын талап етті

16.10.2019

Алматы әкімдігі ереуілге шыққан көпір құрылысшыларының әрекетіне қатысты түсінік берді. Себебі қолдарына плакат ұстаған жұмысшылар құрылысы бітпеген көпірдің үстінде шығып, компания басшыларына 7 айлық еңбекақыларын беруді талап етті. Ал мердігер компания өкілдері тапсырыс берушілер уақытында ақша аудармағандықтан, жалақы кешіктірілетіндігін айтты.

Рысқұлов пен Емцов көшелерінің қиылысындағы аспалы жолды салған жұмысшылар өткен жылдың қараша айынан бері жалақы алмаған. Сағызша созылған көпірдің құрылысы да ақыры тоқтап тыныпты. Ал мердігер компания қазір тек ресми түрде 32 жұмысшыға 18 миллион теңге қарыз. «Бұдан бөлек, ауыл-аймақтардан жете алмағандар да көп», - дейді олар.

Бекболат Беделов, құрылысшы:

Сөзіміз жоқ айтатын. Бұл қорықпайды. Прокурорға да айттық. Әкімге де айттық. Ертең береміз, арғы күні береміз дейді, болды.

Мердігер компания басшыларының сөзінше, тапсырыс берушілер екі айға ғана ақша аударған. Сондықтан жұмысшыларға қарыздандық дейді олар. Енді басқа аймақтардағы бөлімдерден қаржы күтіп отыр. Компанияның техникаларын сатсақ та, айдың аяғына дейін жалақыны толық төлейміз деп сендірді.

Тимур Накусов, мердігер компания директоры:

Компания осы уақытқа дейін тоқтаусыз жұмыс істеп келді. Ал қаржыландыру наурыз және сәуір айларында ғана болды. Ол қаржыны еңбекақы төлеуге жұмсадық. Одан кейін бұл жобаға ақша аударылмады. Бізден де кінә бар екендігін жасырмаймыз. Жұмысшылар қыс айларында да күннің суығына қарамастан тер төкті. Олар осы айдың аяғына дейін жалақыларын алады.

Ал тапсырыс беруші қалалық мобильдік басқармасының өкілдері мердігерлермен толық есептестік деп отыр.

Ернұр Абжахан, қалалық мобильдік басқармасы басшысының орынбасары:

Тапсырыс беруші тарапынан, қалалық мобильдік басқармасы тарапынан бас мердігер алдында ешқандай қарызы жоқ. Барлық орындалған жұмыстар бойынша ақшасы толығымен төленген. Сонымен қатар, бас мердігер ұйымға басқарма тарапынан жұмысшылар алдындағы қарызын, жалақы бойынша қарызын өтеу бойынша, шұғыл арада өтеуге тапсырма берілгенін қосымша хабарлаймыз.

Қазір осы іске қатысты Алматы облысының еңбек инспекциясы арнайы тексеру жүргізіп жатыр. Жұмыс берушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұған дейін оларға ескерту берілген. Алайда сол арыз-талаптар орындалмағандықтан, тексеріс материалдары Қылмыстық кодекстің 152-ші бабына сәйкес, құқық қорғау органдарына шешім шығару үшін жіберілген.

Нұрхан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу