Қарағанды облысында нан бағасы 5 теңгеге қымбаттады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында нан бағасы 5 теңгеге қымбаттады

16.10.2019

Қарағанды облысында әлеуметтік нан бағасы 5 теңгеге қымбаттаған. Осылайша ас атасының бір бөлкесі 75 теңгеден саудаланып жатыр. Ал жоғары сұрыпты ұннан жасалатын нан құны 80-100 теңгенің шамасында. Бұған себеп - ұн бағасының өсуі. 

Жазғы аптап ыстық пен жаңбырдың болмауы салдарынан елімізде биыл астық бітік шықпады. Мәселен, былтыр бір қап жоғары сұрыпты ұн 4 мың теңге болса, қазір 5 мың теңгенің сыртында. Ал бірінші сұрыптағы ұнның әр келісі 108 теңгеден. Осыған байланысты қазір жергілікті билік әлеуметтік нан бағасын сақтау үшін тұрақтандыру қорына бірінші сортты ұнды жинаудың жолдарын қарастыруда. Егер кәсіпкерлер ұн өнімдерінің бағасын себепсіз шарықтатар болса, жергілікті атқарушы органдар мәселені өз бақылауына алады.

Татьяна Тазуева, кәсіпкер:

Нан қымбаттады. «ХМК», «Орион» фирмалары өнімін 88 теңгеден саудалап жатыр. Сондықтан 90 немесе одан да жоғары бағаға сатуға мәжбүрміз. Олай етпесең, тиімсіз. 

Асқар Санаубаров, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

«Сарыарқа» әлеуметтік кәсіпкерлік компаниясы және Қарағанды ұн комбинаты келісімшартқа отырды. Тағы 100 тонна ұн алуды көздейміз. Әрі қарай қосымша 400 тонна ұнды алу көздері қарастырылуда. Осылайша бірінші сұрыптағы ұннан жасалған әлеуметтік нанның құнын сақтап қалмақпыз.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу