Нұр-Сұлтан қаласының іргесіндегі Үркер елді мекенінің жолдары талапқа сай келмейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұр-Сұлтан қаласының іргесіндегі Үркер елді мекенінің жолдары талапқа сай келмейді

15.10.2019

Жаңадан салынып жатқан жолдардың сапасы талапқа сай келмейді. Нұр-Сұлтан қаласының іргесіндегі Үркер елді мекеніндегі жолдарды тексерген Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы осындай қорытынды шығарды.

Бұл жердегі жолдардың сынамасы 2 апта бұрын алынған. Зертханада тексеріліп, сапаның төмендігі бірден анықталды.

Әдемі Қонаева, «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының инженері:

Жобы бойынша қалыңдықтары да сәйкес келмей тұр. Жоба бойынша 5 сантиметр болуы керек, ал бұл жерде 4 см, 4,1 см көрсетіп тұр. Асфльта-бетон қоспасы суып қалған. Және де бұл жерде жабынның жоғары қабатына да, төменгі қабатына да төсеген кезде бұл жерде тығыздалмаған. Дұрыс тығыздалмағаннан бұл жерде суға қанығуы өте жоғары көрсетіп тұр.

Елді мекенде жаңадан салынған барлық жол тексеруден өтпей қалды. Пайдаланылған материалдардың құрамы, беткі жабындысының қалыңдығы және жолдың ені бастапқы жобадан біраз ауытқыған.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Тұрғындарды мазалап отырған басты мәселе мына жолдың жиегінің құрылыс. Ертең жаңбыр жауғанда не болмаса көктемде бұл жерге су жиналады. Яғни жолдың астына су кетеді. Одан соң дәл осындай болып асфальттың бұзылуы басталады.

Түгелбай Өмірбаев, Үркер ауылының тұрғыны:

Кісілер кіріп-шығатын жол неге істемейсіздер? Ана жерден қалай бала-шаға өтеді. Балабақшаға бара жатады арбамен. Түсіп кетеді. Ертең көктайғақта не болады… Көңіліміз толмайды. Айтамыз, бізді ешкім тыңдап жатқан жоқ.

Тапсырыс беруші Нұр-Сұлтан қаласының отын-энергетикалық кешені коммуналдық шаруашылығы басқармасы барлық ескертпемен танысты. Жуық арада шара қолданамыз деп сөз де берді.

Жасұлан Байжанов, «Нұр-Сұлтан қаласының отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы» ММ бөлім басшысы:

Жобаға ақша қыркүйек айында бөлінді. Сосын суық түскенге дейін үлгеру үшін жұмыстарды жылдамдаттық. Бұл сапасына әсер еткен. Жол әзірге қабылданған. 2021 жылы қабылдаймыз. Сараптама қорытындысы бойынша мердігерге тапсырма бердік.

«Иә, барлық олқылық реттелген соң бірақ қабылдаймыз»,- деді. Одан соң жолға 3 жыл кепілдік беріледі. Егер уақытынан бұрын бұзылып жатса, мердігер өз қаржысына жөндеуге міндеттеледі.

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу