Жайық жағасында төл спортымыз ұлықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жайық жағасында төл спортымыз ұлықталды

15.10.2019

Атырауда ұлттық ойын түрлерінен бір күнде халықаралық дәрежедегі «Дарабоз» және «Алтын тұлпар» республикалық турнирлері өтті. Тартысқа толы дода барысында жылдың ең маңызды титулы саналатын «Алтын тұлпар» анықталып, иесі қомақты ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Толығырақ, тілшіміз Жандос Темірғали тарқатады.   

Аламанда атой салғандар ұлттық спорттың 10 түрінен бақ сынады. Турнир көрігін аударыспақ, көкпар, теңге ілу, бәйге, жамбы ату, тазылар жарысы сынды төл ойындар қыздырды. Жүлде қоры да қомақты. 32 млн теңге.  

 Қайырбек Баймұратов, облыстық «Бәйге» федерациясының президенті:

 Қазақ қаным, жылқы жаным деп өскен халықпыз. Осы ұлан байтақ жерді Алла Тағала бізге жылқымен бірге сыйға тартты. Сондықтан бұл біздің еншілес шарамыз бәйге.

Нұрсұлтан Ибрагимов, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының бас хатшысы:

Ертеңгі күні біз осы атжалын тартып мінген қазақ баласының өнерін көрген кез келген азамат, мұны бір ерекше отансүйгіштікке, жерін жақсы көруге, халық сүюге тәрбиелейді деген үлкен үмітіміз бар.

Жайық жұрты осымен бесінші рет ұйымдастырылған, республикалық дәрежедегі жылдың ең маңызды бәйгесін де тамашашалады. Еліміздің әр аймағынан жиналған тұлпарлар сары даланың төсін дүбірге бөледі. Шабандоздар 22 млн теңгелік жүлдені сарапқа салды.  

Дүбірлі бәсекедегі ең маңызды дода Алтын тұлпар деп аталады. Атырауда алғаш рет өткізіліп отыр. Мұнда сәйгүліктер 51 шақырымдық қашықтықта сынға түседі. Жарыс жолына еліміздің 12 облысынан 40 таңдаулы арғымақ қосылды. 

Ауа райының қолайсыздығы желмен жарысқан жүйріктерге тұсау салмады. Жиналған халық, ауыздығымен алысқан арғымақтардың шабысына тәнті болып, қиқуға басты. Оларға күздің қара жаңбыры мен балшығы да кедергі болмады.

Оқ бойы озып шыққан Қызылордалық «Қоянқасқа», «Алтын тұлпар» атанды. Ат иесі 10 млн теңгеге ие болды. Екінші және үшінші орын Жамбылдық сәйгүліктерге бұйырды. 51 шақырым бойынша бас-аяғы 9 орын табысталды. 

Ғалымнұр Ноғайбек, шабандоз:

Жауып жүргеніме 3 жыл болды. 3 жылдан бері қарай 21 машина ұттым. Бір квартира ұттым. Міне биылғы «Алтын тұлпарды» да ұттым.

Ұлттық спорт –қазақтың бірегей болмысын ашатын теңдессіз құндылық. Оның мұнайлы өңірде өтуі, халықтың рухын асқақтатып, мерейін өсірді. Көшпенділердің төл ойыны келер жылы да ұйымдастырылмақ.  

Жандос ТЕМІРҒАЛИ


Хабарламаларға жазылу