Қазынаға 5 триллион теңге кіріс кірді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазынаға 5 триллион теңге кіріс кірді

14.10.2019

Қазынаға 5 триллион теңге кіріс кірді. Осы жылдың 9 айында мемлекеттік бюджеттің атқарылуын баяндаған Премьер-Министрдің бірінші орынбасары - Қаржы министрі, осылай деді. Әлихан Смайыловтың сөзінше, 61 миллиард теңге жоспардан тыс түскен. Бюджет бүйірін толтырған қаржының басым бөлігі – салықтан құралыпты. Яғни, жыл басынан бергі 738 миллиард теңге кіріс – негізгі өсуге қосылған құн, корпоративтік табыс және халықаралық сауда мен сыртқы операцияларға салынатын салықтардан жиналған. Бұдан бөлек, бейнебақылау хабарламалары және әкімшілендіру рәсімдерінен түскен. Сөйтіп жалпы кірістер былтырғы жылмен салыстырғанда 119 миллиард теңгеге өсті.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары- Қаржы министрі:

9 айдың қортындысы бойынша, мемлекеттік бюджеттің кірістері 15 пайызға өсті, республикалық – 19 пайызға және жергілікті бюджеттер – 7 пайызға. Ұлттық қордың активтері 2018 жылдың 9 аймен салыстырғанда 15 пайызға өсіп, 26 триллион 447 миллиард теңгені құрады. Шығыстар бюджеттің барлық деңгейлерінде жоғары процентпен игерілді: МБ - 99,6%, РБ - 99,8% және ЖБ - 99,3%.

Бұдан бөлек, Әлихан Самайылов, миллиардтарды игере алмай жатқан ведомстволарды атады. 9 айда республикалық бюджеттің шығындары 8 триллион 541 миллиард теңге болса, соның 14,3 миллиард теңгесі орындалмаған. Оның 5,7 миллиард теңгесі үнемделсе, 8,6 миллиард теңгесі кәдеге аспай қалған. Атап айтсақ, Экология, геология және табиғи ресурстар, Мәдениет және спорт, сауда және интеграция министрліктері мен Жоғарғы сот үлкен соманы игеріп үлгермеген. Себебі аталған мекемелер, орындалған жұмыс актілерін уақтылы ұсынбай, қазынашылық органдарға тіркеу шарттары мен қосымша келісімдерді кеш ұсыныпты.

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ


Хабарламаларға жазылу