Қазынаға 5 трлн теңге кіріс кірді. Үкіметтің бүгінгі отырысында осы жылдың 9 айында мемлекеттік бюждеттің атқарылу қорытындыларын баяндаған Премьер-Министрдің бірінші орынбасары - Қаржы министрі осылай деді. Әлихан Смайыловтың сөзінше, 61 млрд теңге жоспардан тыс түскен. Бюджет бүйірін толтырған қаржының басым бөлігі салықтан құралыпты. Яғни, жыл басынан бергі 738 млрд теңге кіріс негізгі өсуге қосылған құн, корпоративтік табыс және халықаралық сауда мен сыртқы операцияларға салынатын салықтардан жиналған. Бұдан бөлек, бейнебақылау хабарламалары бойынша және әкімшілендіру рәсімдерін цифрландыру нәтижесінде бюджетке қыруар қаржы құйылған. Сөйтіп, жалпы кірістер былтырғы жылмен салыстырғанда 119 млрд теңгеге өсті.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары - Қаржы министрі:
9 айдың қортындысы бойынша мемлекеттік бюджеттің кірістері 15%-ға өсті, республикалық - 19%-ға және жергілікті бюджеттер 7%-ға өсті. Ұлттық қордың активтері 2018 жылдың 9 аймен салыстырғанда 15%-ға өсіп, 26 трлн 447 млрд теңгені құрады.
Бұдан бөлек, Әлихан Самайылов миллиардтарды игере алмай жатқан ведомстволарды атады. 9 айда республикалық бюджеттің шығындары 8 трлн 541 млрд теңгені құрған. 14,3 млрд теңгесі орындалмаған. Оның 5,7 млрд теңгесі үнемделсе, 8,6 млрд теңгесі кәдеге аспай қалған. Яғни, Экология, геология және табиғи ресурстар, Мәдениет және спорт, сауда және интеграция министрліктері мен Жоғарғы сотта үлкен сома игерілмей жатыр. Себебі аталған мекемелер конкурстық рәсімдерді ұзақ өткізген, орындалған жұмыс актілерін уақтылы ұсынбаған, қазынашылық органдарына тіркеуге шарттар мен қосымша келісімдерді кеш ұсыныпты. Осы ретте Үкімет басшысы жауапты басшыларға жыл соңына дейін олқылықтың орнын толтырудық қадап тапсырды.
Армангүл Тоқтамұрат