Елорданы дамыту жөніндегі жиында Президент қандай нақты тапсырмалар берді? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елорданы дамыту жөніндегі жиында Президент қандай нақты тапсырмалар берді?

13.10.2019

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Нұр-Сұлтан қаласын ары қарай дамыту талқыланған жиын туралы. Айтқандарынан цитаталар:

Амал жоқ, LRT-ны аяқтау керек

 «ЛРТ ұзақтығы 22,5 шақырымды құрайды, 18 станса жоспарланған. Сіздер марафон жарысында 22 шақырымнан да көп жүгіресіздер. 18 станса, демек екі станса арасы бір шақырымнан сәл ғана асады. Біз жаяу одан да көп жүреміз».

Президент бұл жобаның түбі коррупцияға барып тірелетінін тағы меңзеді.

«Біреулер шетелге қашып кетті екен деп атүсті қарауға болмайды. Қашып кеткен адамдар мұның бәрін жоспарлағаны түсінікті. Өзгелерді, оның ішінде шешім қабылдаған әкімдіктің басшыларын қаперден тыс қалдырмау керек. Шешімді әкімдік қабылдады. Тереңірек тексеріңіздер, бұл өте даулы жоба, экономикалық тұрғыда түсініксіз. Әрине, Үкімет пен әкімдіктің қалауымен оны жүзеге асыруға тура келеді. Оның үстіне халықаралық міндет те бар. Бұл проблеманың мән-жайын анықтайық».

«Негізі мұндай жобаны қалай жүзеге асыруға рұқсат берілгендігін мүлдем түсінбеймін... Үкімет пен әкімдікке ЛРТ бірінші кезеңін аяқтаудың нақты мерзімін, екінші кезеңін аяқтаудың кестесі мен тетіктерін анықтауды тапсырамын. Амал жоқ», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

2. Астана газдандыруға дайын емес.

Президент қаланың энергетикалық жүйесінің «Сарыарқа» газ құбырына қосуға дайын болмағанын да сынады.

«Бұл – мүлдем түсініксіз мәселе. Қалай болған? Биылға көзделген 2,7 млрд теңге басқа өңірлерге беріледі. Біз ең бірінші кезекте астананы газдандыру жайын ойлауымыз керек еді. Өйткені қыста қала түтінге оранады...».

3. Миграция мәселесі

Халық санының қарқынды өсуі әлеуметтік инфрақұрылым, соның ішінде мектеп пен аурухана тапшылығын туындатып отыр.

«Ішкі миграциялық процестерді бақылауға алу керек. Бұлай кете беруге болмайды. Жолдауда айтқанымдай, бұл мақтанатын нәрсе емес, шешілуі керек мәселе. Қалада миллион халық бар деп мақтанышпен айтамыз, бірақ ол халықты қалай орналастыру керектігін кім ойлайды?»

4. Қалада азық-түлік белдеуі жоқ

Мемлекет басшысы астанадағы азық-түлік бағасының өзге өңірлермен салыстырғанда қымбат екенін сынады.

«Мысалы ұн бағасы елдегі орташа бағадан 18,2 пайыз, сүзбе 17 пайыз, пияз 14,5 пайыз, күнбағыс 9,6 пайыз, сиыр еті 6,7 пайыз қымбат. Бұл қалада тиісті инфрақұрылым және азық-түлік белдеуі жоқ деген сөз. Сауда орындары тапшы. Ұйымдастырушылар көбіне белгілі бір саудагерлерге ғана мүміндік береді. Яғни бәріне бірдей жағдай жасалмайды. Нұр-Сұлтан әкімдігі мен көршілес облыстар арасындағы байланыс өз деңгейінде емес».

Сонымен бірге Президент «қалада мығым қожайын жоқ сияқты, соның кесірінен қалай болса, солай салынып жатыр, ортақ стиль, стандарт жоқ», «билік астанада кімдер тұратынын, олардың қандай проблемасы барын білмейді», «тұрғындардың арызына әкімдік және басқа да қызметтер жедел жауап бермейді», «астана билігі инвестиция тартуды қойды – соңғы 10 жылда алғаш рет басқа өңірлерден қала бастады», «әкімдік үлескерлер мәселесін шеше алмай-ақ қойды, сөйте тұра бюджеттен ақша сұрайды да тұрады, ақыры қанша қаржы құйылса да, нәтиже жоқ», деген әңгімелер айтты. Әрі қарай таратып жататын емес, Президент қорытындысы да, ол қортындыдан қорытынды шығаруы тиістердің міндеттері де ап-анық.

Тағы бір деталь – Нұр-Сұлтаннан әлемнің ірі қалаларының бәріне баратын рейстер ашу керек. «Бір компанияға қарайлап, қорқудың қажеті жоқ. Ең танымал, ерке болса да», -деді Президент.

 «Ерке» компанияның президенті Питер Фостердің жауабын кейін форбс.кз жариялаған: «басқа компаниялардың нарыққа енуіне проблема жоқ, олай етпеулері коммерциялық себептерге байланысты», «ал жалпы, біздің ойымызша, өзіміз авиа-тасымалды қалың көпшілікке қолжетімді ету тапсырмасын табысты орындап отырмыз», -деген...


Хабарламаларға жазылу