Президент Әбіш Кекілбайдың 80 жылдығына орай орнатылған ескерткішінің ашылуына қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Әбіш Кекілбайдың 80 жылдығына орай орнатылған ескерткішінің ашылуына қатысты

13.10.2019

Ертеңіне бәрі тағы да құдық басына жиналды. Емен күбіні жалма-жан құдыққа салды. Күндегідей қатты жерге тиіп тық ете қалған жоқ, күмп ете түсті. Суы әбден тұнған. Құдықшы емен күбіні қос қолдап ап, бас қойып еді, суы тұщы. Енді жігіттер бірінің қолынан бірі жұлып алып ішіп жатыр. Ерні кезерген ала тағанақ қырдың тағы бір жерінен су шықты. Оған ең әуелі құрым күркелі құдықшы ауыл қуанды.

Әбіш Кекілбайдың «Шыңырау» повесінен үзінді. Ғажап туындыларының бірі. Тек мұндай асыл шығарманы ауыл демей-ақ қояйық, қазіргі қала баласы түсіне ме? Миыңның әрбір жүлкесімен ұқпасаң, түсінбейсің. «Сына, доча» дейтіндердің баласы бойлай алмайтын тіл...

Дегенмен бастысы – «Шыңырау» - адамтану шығарма. Жапсырылған кірпік, үлкейткен ерін немесе қарпып қап, қарқ-қарқ күлгендер де түсінбейді. Көп сұрақтың жауабын таба алмай, «мынау қайдан шыққан әдет, бұл қайдан болған мінез?!» деп таңғалған және күрсінген қазіргі уақытта «тағанның бірі – әдебиет» деген әлсіз шыққан дауыстарға құлақ салсақ, қанекей?!

 Мемлекет басшысы Ақтауға барып, жазушы, қоғам және мемлекет қайраткері Әбіш Кекілбайдың 80 жылдығына орай орнатылған ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысқан - заңғар жазушы, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің рухына тағзым ету тек Маңғыстау өңірінің ғана емес, бүкіл еліміз үшін маңызды оқиға екенін айтты. Бұл бір. Екіншіден, біз бүгін рухын ұлықтап отырған Әбіш Кекілбай – адамзаттық болмыстың жоғары деңгейіне көтерілген біртуар тұлға, қазақ халқының ұлы перзенті, - деді Қ.Тоқаев.

Ербол МӘНДІБЕК


Хабарламаларға жазылу