Президент Олимпиаданың ашылуына қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Олимпиаданың ашылуына қатысты

08.02.2014
Президент Олимпиаданың ашылуына қатысты
Спорт астанасы Сочиде кеше Ақ Олимпиаданың алауы тұтанды. Бұл қысқы ойындардың ресми түрде басталғанын айшықтайтын айтулы шара. Ресейдегі таңғажайып салтанатты Олимпиада қалашығындағы басты стадионға жиналған қырық мың көрермен тамашалады. Алаңға өз байрағын көтеріп шыққан құрамалардың арасында біздің спортшылар да бар. Салтанатқа Мемлекет басшысы қатысып, отандық құрамаға қолдау көрсетті.
 
Әлемдік рекордты әлденеше рет жаңартқан спортшыларды бір жерден кезіктіру қиын. Олимпиада сол үздіктердің басын қосатын жиын. Сочидің «Фишт» стадионына 88 елдің делегациясы жиналды. Бұл үш мың спортшы.
 
Ең үлкен делегация, әрине Ресейден, Америка Құрама Штаттарынан, Қытайдан келген. Алаңға - әр елдің байрағын аты аңызға айналған атлеттер алып шықты.
 
Отандық құраманың алдында еңселі шаңғышы жігіт - Ердос Ахмадиев біздің 52 спортшыны бастап келеді. Жазғы чемпионаттың жүлдегері көк байрақты көтеру мәртебесіне ие болды. Құрамаға жанкүйерлер мінберінен Мемлекет басшысы қол бұлғап тұр. Стадион назары көк түсті Ту еткен біздің ұлттық құрамада.
 
Әдетте спорт әлеміндегі іргелі оқиғалар тосын сыйға толы. Талантты скрипкашы Ванесса Мэй Тайландтың құрама командасының қатарынан көрінді. Өнер жұлдызы Олимпиадада тау шаңғысынан бағын сынайды.
 
Сочидің қысы жұмсақ. Алаңға командалардың дені күртемен шықты. Бірақ Бермуд аралдарынан келген шағын топ жеңіл киініпті. Тоғыз градуста аздап тоңып та қалды.
 
«Ресей туралы түс». Түс деп аталғаны болмаса, бұл мемлекет тарихы туралы шындық. Олимпиаданың ашылу салтанатының бар идеясын сценарий авторлары кішкене қыздың қиялына сыйдырады. Қалғып кеткен балауса түс көреді, түсінде ұшы қиыры жоқ алып елдің әр аймағын аралап шығады.
 
Оқиға кейіпкерлері үш мың әртіс. Олар декорациялар, арнайы тігілген костюмдер арқылы әр тарихи кезеңді көз алдымызға әкеледі. Стадиондағы көрермендердің қарасы қырық мың адам. Салтанатты 44 елдің президенті тамашалады.
 
Олимпиаданың ашылу салтанаты, әдетте көрерменнің есінде көпке дейін сақталып, ұзақ талқыланатын оқиға. Сондықтан ойын шығындары 50 миллиард долларды құрап отыр.
 
Турист (Канада):
Керемет көріністерге куә болдық. Әсіресе, тарихи қойылымдары ұнады.
 
Салтанаттың шарықтау шегі Олимпиада алауының тұтануы. Ресейдің даңқты спортшылары Мария Шарапова, Елена Исинбаева, Александр Карелин, Алина Кабаева эстафетаны Ирина Роднина мен Владислав Третьякке та тапсырды. Олимпиада алауын тұтатқан аты аңызға айналған осы екі спортшы. Бұл құрмет спорттағы ұрпақтар сабақтастығын меңзейді.
 
Жайнагүл Төлеміс, тілші:
Екі жарым сағатқа созылған таңғажайып қойылым арқылы Ресей түп төркінінен бастап, терең тамырлы тарихын төрткүл әлемге паш етті. Бүлдіршіннің түсіндей өте шығатын қойылымда елдің бай мәдениеті, руһанияты, ерлік істері, ертеңге сенімі шебер өрілген. Олимпиада қожайыны атанудың басты мұраты осы болса керек. Өйткені, тікелей трансляцияны жер жаһандағы 3 миллиард адам тамашалады. Мерекелік көңіл-күй Олимпиада астанасында түн ауғанша сейілген жоқ.
 
Жайнагүл ТӨЛЕМІС
 

Хабарламаларға жазылу